ТӘЖІРИБЕЛІ МАМАН
Ел игілігі жолында ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі – кітапхана саласының білікті маманы, жаңашыл педагог Корчагина Жанар Жанғалиқызы. Өз ісіне адалдығы мен кәсіби ізденісін ұштастыра білген ол саналы ғұмырын жас ұрпақтың рухани дамуына, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арнап келеді.
Корчагина Жанар Жанғалиқызы 1971 жылы 17 мамырда Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдап, 2014 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінде «Кітапхана ісі» мамандығын меңгерді.
Еңбек жолын 1992 жылы Шалқар қаласындағы №1 қазақ орта мектебінде кітапханашы болып бастаған Жанар Корчагина бүгінде осы білім ордасының №1 мектеп-гимназиясында кітапхана меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Жалпы еңбек өтілі – 37 жыл, кітапхана саласындағы тәжірибесі – 35 жыл.
Жанар Корчагина кітапхананы білім ордасының ажырамас бөлігі ретінде қалыптастырып, оқушы мен мұғалім арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайтуға ерекше мән береді. Кәсіби ізденісі мен жинақтаған мол тәжірибесі облыстық және республикалық деңгейде бағаланып келеді. 2021 жылы «Оқуға құштар» жобасына қатысып, сертификат иеленсе, 2022 жылы Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының «Мың бала» интеллектуалды білім сайтында өткен байқауда «Үздік кітапханашы» аталымы бойынша І орынға ие болды. 2023 жылы «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» шығармашылық байқауында «Үздік кітапханашы» номинациясы бойынша І орынмен марапатталды.
Оның көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2018 жылы Ақтөбе облысы білім басқармасының Алғыс хатымен, 2019 жылы Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2022 жылы «Ақтөбе Медиа» ЖШС Алғыс хатына ие болды. Сол жылы «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы «Үздік мектеп бұрышы – 2022» байқауында ІІ орын алып, «Оқуға құштар мектеп – табысты мектеп» облыстық семинар-практикумына қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Отбасында екі баланың анасы Жанар Корчагина қарапайымдылықты, әділдікті, жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған. Адаммен тіл табыса білетін, жанашырлығы мен эмпатиялық қабілеті мол маман ретінде әріптестері мен шәкірттерінің құрметіне бөленіп келеді.
Еңбек адамы – маңдай терімен мағына, адалдығымен абырой, ал тынымсыз еңбегімен кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыратын тұлға. Корчагина Жанар Жанғалиқызының ғибратты еңбек жолы осы сөздің жарқын дәлелі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-