МҰҒАЛЖАРДА ҮЗДІК ӘДІСКЕРЛЕР АНЫҚТАЛДЫ
Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен «Жансая» бөбекжай-бақшасында «Жыл әдіскері – 2026» республикалық байқауының аудандық кезеңі ұйымдастырылды.
Байқаудың басты мақсаты – педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыру, шығармашылық қабілеттерін шыңдау, әдістемелік ізденістерін дамыту және озық тәжірибелерін насихаттау.
Сайыс барысында қатысушы әдіскерлер өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, жаңашыл идеялары мен тың әдістемелік тәсілдерін ортаға салды. Әрбір қатысушы өз білім-білігі мен шығармашылық ізденісін танытып, кәсіби шеберліктерін көрсете білді.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Жұмагүл Жұмабаева құттықтап, барша қатысушыларға естелік сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар, жеңімпаздарға күзгі демалыс кезінде тарихи-танымдық саяхатқа және шипажайда демалуға жолдамалар сыйға тартылды.
Байқаудың бас жүлдесін иеленген «Достық» бөбекжай-бақшасының әдіскері Гүлбақыт Бектасова облыстық кезеңге жолдама алып, Мұғалжар ауданының намысын абыроймен қорғайтын болады.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы