ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ
Ұстаздық жай ғана мамандық емес, ол үлкен жүректі, терең білімді, сарқылмас сабыр мен адамгершілікті талап ететін қастерлі жол. Саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған, шәкірт жүрегіне ізгілік нұрын сеуіп жүрген ақтөбелік ұстаздың бірі – Райгүл Орынбайқызы Кусегенова.
Жуырда Райгүл Кусегенованың көп жылғы жемісті еңбегі мен білім беру саласын дамытуға қосқан сүбелі үлесі жоғары бағаланып, Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл – ұлағатты ұстаздың ұзақ жылдар бойғы тынымсыз еңбегіне, кәсіби шеберлігіне және өскелең ұрпақ тәрбиесіне қосқан зор үлесіне берілген лайықты баға.
Райгүл Кусегенова өзінің педагогикалық еңбек жолын 1991 жылы Талдысай орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Осы білім ордасында 1991–2002 жылдар аралығында абыройлы қызмет атқарып, талай бүлдіршіннің алғашқы ұстазы болды. 2002 жылы Райгүл Кусегенова педагогикалық қызметін Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектепте жалғастырды. 2016 жылы М.Жұмабаев атындағы орта мектепте мектеп директорының әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Бұл жауапты қызметте ұстаздардың кәсіби шеберлігін арттыруға, оқу-әдістемелік жұмыстарды жүйелеуге және білім сапасын көтеруге елеулі үлес қосты. Әріптестеріне бағыт-бағдар беріп, педагогтардың шығармашылық ізденісіне қолдау көрсете білді. 2023 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, жас ұрпақтың саналы, тәрбиелі, елжанды азамат болып қалыптасуына ерекше көңіл бөлді. Тәрбие жұмысының сапалы ұйымдастырылуына атсалысып, мектеп пен ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосты. Ал, 2024 жылдан бастап Комсомол жалпы орта білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді.
«Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі – Райгүл Кусегенованың 35 жылдық педагогикалық еңбек жолындағы қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігіне берілген лайықты баға. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, қай қызметте жүрсе де өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қараған Райгүл Орынбайқызының еңбек жолы адалдықтың, кәсібиліктің және ұстаздық жолына деген жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Оның өнегелі ғұмыры мен білім беру саласына қосқан үлесі ел болашағы үшін жасалған өлшеусіз еңбек.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-