АБЫРОЙЛЫ ҚЫЗМЕТТІҢ БИІК БЕЛЕСІ
Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжінде Жеңіскүл Мұхамбетпаизоваға арналған кездесу өтті. Жылы жүздесуде әріптестері оның білім саласындағы ұзақ жылғы еңбегін атап, бірге атқарған қызмет жылдарынан естеліктерімен бөлісті.
Кездесуде Жеңіскүл Сағидоллақызының ұстаздық жолы мен басшылық қызметтегі жылдары, колледждің дамуына қосқан үлесі айрықша аталды. Әріптестері оның кәсіби тәжірибесі мен адамдық болмысына қатысты жылы лебіздерін жеткізді.
Салтанатты жиында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова сөз сөйлеп, Жеңіскүл Сағидоллақызының білім беру жүйесіндегі өнегелі еңбек жолына ерекше тоқталды.
Жеңіскүл Мұхамбетпаизова - Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжін он жылдан астам уақыт басқарып, білім ордасының өркендеуіне, материалдық-техникалық базасының нығаюына және педагогикалық ұжымның кәсіби дамуына зор үлес қосты. Ал, 2022 жылдан бастап Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжінің директоры қызметін абыроймен атқарып, оқу орнының дамуына сүбелі үлесін қосты.
Оның білім беру саласындағы жемісті еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен, «Құрмет» орденімен, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің, салалық кәсіподақтың, облыс және қала әкімдерінің Құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталуы — оның ел алдындағы абыройлы еңбегінің дәлелі.
Жиын барысында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының атынан білім саласы қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік жағдайын қорғауға, еңбек ұжымдарындағы бірлік пен берекені нығайтуға қосқан үлесі үшін Жеңіскүл Мұхамбетпаизоваға алғыс айтылып, құрмет ретінде емделіп, демалуға жолдама табысталды.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-