БІЛІКТІ БАСШЫ – БЕЛСЕНДІ КӘСІПОДАҚ МҮШЕСІ
Сапалы білім мен тағылымды тәрбиені қатар өріп, саналы ғұмырын жас ұрпаққа арнап келе жатқан білікті де тәжірибелі педагог – Ахметова Әсем Қанатқызы. Ол Тарбағатай ауданы, Асусай ауылындағы «Асусай мектеп-балабақша кешені» КММ-нің басшысы әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары деңгейлі мұғалімі.
Әсем Қанатқызының педагогикалық саладағы жалпы еңбек өтілі – 29 жыл. Тәжірибелі ұстаздың білім көкжиегін кеңейтудегі қадамдары жүйелі әрі ізденіске толы: 1994–1997 жж. – Өскемен педагогикалық колледжін «Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтады. 2001–2004 жж. – С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдады. 2023 ж. – С. Аманжолов атындағы ШҚУ-де аталған пәндер бойынша ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесін қорғап шықты. Еңбек жолында 4 жыл бойы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып, ұйымдастырушылық қабілетін танытқан ол 2024 жылдан бастап мектеп директоры лауазымына сайланды.
Бүгінгі таңда басқарушылық пен ұстаздық тізгінін қатар ұстап, білім ордасының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Әсем Қанатқызы – заманауи білім беру технологияларын оқу процесіне шебер енгізіп жүрген новатор педагог. Сабақ беруде оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, сыни ойлауын ұштауға және шығармашылық әлеуетін ашуға басымдық береді. Ізденімпаз ұстаз әдістемелік салада да белсенді. Ол республикалық «ПедИдея» конкурсына қатысып, қазақ тілі пәні бойынша авторлық бағдарламасын жарыққа шығарды.
Педагогтың еңбегінің басты көрсеткіші – шәкірттерінің жетістігі. Әсем Қанатқызының жетекшілігімен білім алған оқушылар: аудандық және облыстық пәндік олимпиадалардың, «Айналайын», «Ақбота» сияқты беделді интеллектуалдық байқаулардың, ғылыми жобалар, шығармашылық сайыстар мен мәдени шаралардың тұрақты жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған.
Ұстаздық қызметпен қатар Әсем Қанатқызы ұзақ жылдар бойы кәсіподақ қозғалысының белсенді мүшесі ретінде әріптестерінің мүддесін қорғап, мектептің әдістемелік кеңістігін қалыптастыруға зор үлес қосты. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәлімгерлік етуді де назардан тыс қалдырған емес.
Елеулі еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін педагог аудандық марапаттармен, сондай-ақ кәсіподақ жұмысына қосқан үлесі үшін облыстық алғыс хатпен марапатталған.
Педагогикалық кредосы: «Ұстаздың басты міндеті – білім беру ғана емес, әр оқушының бойындағы адалдық пен адамгершілік шырағын жағу.»
Тарбағатай аудандық кәсіподақ ұйымы
Шығыс Қазақстан облысы