ЖАСТАРҒА ЖОЛ АШҚАН ҰЖЫМНЫҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ
Қай кезеңде де қоғамның қозғаушы күші – білімді, талапты, жаңашыл жастар. Ал жас маманның кәсіби қалыптасуына қолдау көрсетіп, еңбек құқығы мен әлеуметтік мүддесін қорғауда кәсіподақтың орны ерекше. Сондықтан Алматы қаласындағы Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназиясында жастар мен кәсіподақ арасындағы байланысты нығайтуға ерекше мән беріледі.
Гимназия директоры А.Ақсерікованың басшылығымен ұжымда жас педагогтардың кәсіби дамуына, шығармашылық ізденісіне, тың бастамаларына қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
«Жас маманға мүмкіндік беру – оның бойындағы қабілетті ашудың алғашқы қадамы. Тәжірибелі ұстаздың тәлімі мен жас педагогтің жаңашылдығы үйлескенде білім сапасы да, ұжымның әлеуеті де арта түседі», – деген ұстаным гимназиядағы ұрпақтар сабақтастығының маңызын айқындайды.
Бүгінгі жас педагог – жаңа технологияларды меңгерген, ізденіске құштар, білім беру саласындағы өзгерістерге бейім маман. Олардың тың идеялары мен шығармашылық бастамалары мектеп өміріне жаңа серпін береді.
Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияның кәсіподақ ұйымы жас мамандарды қоғамдық жұмыстарға тартып, олардың еңбек құқықтары жөніндегі сауаттылығын арттыруға, мәдени-көпшілік және спорттық шараларға белсенді қатысуына ықпал етуді маңызды бағыттардың бірі деп санайды.
Кәсіподақ – еңбек адамының құқығын қорғаумен ғана шектелмейтін, әр қызметкердің қуанышы мен қиындығына ортақтасатын ұйым.
Кәсіподақ төрағасы ретінде мен үшін жастармен жұмыс істеудің маңызы ерекше. Өйткені бүгін кәсіподақ жұмысына белсенді араласып жүрген жас маман – ертең ұжымның көшбасшысы.
«Біздің басты мақсатымыз – жас маман өзін ұжымның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау. Жастардың ойын тыңдап, бастамасына қолдау білдіріп, еңбек құқығын білуіне бағыт беру – кәсіподақтың маңызды міндеті. Жастардың жігері мен аға буынның тәжірибесі ұштасқанда ғана берекелі, бірлігі жарасқан ұжым қалыптасады», – деп білемін.
Ұжымның жетістігі – бір адамның емес, ортақ еңбектің нәтижесі. Әкімшілік, кәсіподақ, тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандар бір мақсатта жұмылғанда ғана мектеп өмірінде жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады.
Біздің гимназиямызда әр буын өкілінің тәжірибесі мен пікірі құнды. Аға буын жастарға бағыт-бағдар берсе, жас мамандар жаңашылдығымен, шығармашылығымен және тың көзқарасымен ұжымның дамуына үлес қосады.
Жас маманға сенім білдірейік, бастамасын қолдайық, жетістігіне бірге қуанып, биік белестерді бірге бағындырайық. Өйткені бірлігі жарасқан ұжымның болашағы жарқын, мақсаты айқын!
Қ.Тантаева,
Алматы қ. Б.Атыханұлы ат. №36 гимназияның кәсіподақ төрағасы
-
Фотографии
-