ТӘЖІРИБЕЛІ ҰСТАЗ
Ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісіне ұзақ жылдар бойы адал қызмет етіп, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап келе жатқан білікті де тәжірибелі ұстаздардың бірі – Мырзаболатова Жанат Мамытқызы.
Жанат Мырзаболатова 1968 жылы Ақтөбе облысы Новороссийск ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1986 жылы бастап, содан бері білім беру саласында үздіксіз әрі жемісті қызмет атқарып келеді. Бүгінде оның педагогикалық еңбек өтілі 39 жылды құрайды. Ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдап, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгерген.
1999 жылдан бері Жосалы орта мектеп – балабақшасында табысты еңбек етіп келе жатқан Жанат Мырзаболатова бүгінде мектеп ұжымының сыйлы әрі қадірлі мүшесіне айналды. Осы жылдар ішінде ол талай шәкіртке білім нәрін беріп, олардың алғашқы ұстазы, ақылшысы әрі бағыт-бағдар берушісі бола білді.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі – шәкірт жетістігінен көрінеді. Сондықтан Жанат Мырзаболатова үшін әрбір шәкіртінің жетістігі маңдай термен атқарған еңбегінің жемісі, кәсіби қызметінің басты мақтанышы.
Саналы ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнап келе жатқан Жанат Мырзаболатова өз ісіне адал, еңбекті қадірлей білетін, шәкірт жүрегінен орын алған ұлағатты ұстаз. Оның ұзақ жылдар бойғы тынымсыз еңбегі мен білім саласына қосқан үлесі кейінгі буынға үлгі боларлық өнеге.
Ұстаздық жол – ұлы жол. Сол ұлы жолда абыройлы еңбек етіп, сан мыңдаған шәкірттің жүрегіне білім шырағын жаққан Жанат Мырзаболатовадай ұстаздардың еңбегі әрдайым құрмет пен қошеметке лайық.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-