ҰЖЫМ МҮДДЕСІ - БАСТЫ НАЗАРДА
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің қатысуымен жалпы жиналыс өтті. Жаңа оқу жылының басталуымен тұспа-тұс келген жиында кәсіподақ ұйымының қазіргі ахуалы, алдағы міндеттері және ұйым жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиында сөз алған Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков университет ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтап, оқу ордасының профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріне еңбектеріне табыс, шығармашылық ізденістеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар ол осыған дейін университеттің кәсіподақ комитетіне төрағалық еткен Мұхтар Усуповтың атқарған жұмысына тоқталып, ұйым қызметіне қосқан үлесін атап өтті. Бірқатар қызметкерлердің басқа жұмысқа ауысуына байланысты кәсіподақ комитетінің құрамын жаңартып, жаңа төраға сайлау қажеттігіне назар аударды.
Ашық дауыспен өткен сайлауда ұйымның жаңа төрағасы сайланып, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің мүддесін қорғау міндеті оқытушы Нұрзат Мыңжасаровқа жүктелді. Сондай-ақ, комитет құрамы қайта жасақталып, қызмет орнын ауыстырғандардың орнына жаңа мүшелер сайланды. Сонымен бірге, жиналыста бақылау-тексеру комиссиясының құрамына да өзгерістер енгізілді.
Өз кезегінде Ерұлан Мағзымбеков жаңа төраға мен комитеттің алдында университет қызметкерлерімен, кәсіподақ мүшелерімен тығыз байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен мәселелерін дер кезінде зерделеу, еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына назар аудару, әлеуметтік мәселелер бойынша тиісті қолдау көрсету секілді маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.
- Кәсіподақ жұмысының тиімділігі ең алдымен оның мүшелерінің мәселесіне қаншалықты жақын болумен өлшенеді. Сондықтан жаңа құрам үшін басты бағыттардың бірі ретінде профессор-оқытушылар құрамының талап-тілегін тыңдап, қажет жағдайда құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жалпы жиналыстың күн тәртібіндегі үшінші мәселе ұйымның алдағы қызметінің бағытына тікелей қатысты болды. Кәсіподақ ұйымы Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының құрамынан шығып, Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіподағына кіру туралы шешім қабылдады. Қызметкерлер мұндай шешім арқылы жоғары білім беру саласының ерекшеліктеріне сай мәселелерді ортақ алаңда көтеруге, еңбек қатынастарына қатысты тәжірибе алмасуға және кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді деп түсіндірді.
Жиын соңында университеттің кәсіподақ ұйымының жаңа төрағасы оқу орнының ректоры Камшат Тусуповамен кездесіп, әлеуметтік әріптестік аясындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесу барысында алдағы кезеңге арналған мақсат-міндеттер белгіленіп, ұжымның еңбек және әлеуметтік мәселелерін бірлесіп шешуге бағытталған жұмыстарды жалғастыру жөнінде пікір алмасты.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-