ОРТАҚ МҮДДЕ ЖОЛЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Александр Алимпиев, Нұрлан Жетісбай және Сандуғаш Дүйсенбаева Мұғалжар ауданына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында Ақкемер жалпы білім беретін орта мектебі мен Көтібар батыр атындағы негізгі мектеп-бөбекжай-балабақшасында қоғамдық бақылау жүргізілді. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерімен өткен жүздесуде еңбек қатынастары, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы өзекті сұрақтарға назар аударылды. Кездесуге екі мектептен 60-қа жуық кәсіподақ мүшесі қатысып, өздерін толғандырған еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді ортаға салды.
Басқосуда кәсіподақтың ақпараттық жұмысын жетілдіру және жастармен байланысты нығайту мәселелері де назардан тыс қалмады.
Кездесудің маңызды бөлігі келісу комиссияларының мүшелеріне арналған семинарға арналды. Семинарда еңбек дауларының пайда болу себептері, оларды шешудің тиімді жолдары және келісу комиссиясының жұмыс жүргізу тәртібі түсіндірілді.
Қатысушыларға еңбек дауы туындаған жағдайда тараптар арасындағы келіссөздерді дұрыс ұйымдастыру, мәселені заң талаптарына сәйкес қарау және өзара тиімді шешімге келу бойынша практикалық ұсынымдар берілді.
Кездесу қорытындысында еңбек дауларын шешуде өзара түсіністік пен заң талаптарын сақтаудың маңызы атап өтілді. Кәсіподақ өкілдері қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және олардың мүдделерін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы