ҰРПАҚҚА ҰЛАСҚАН ҰСТАЗДЫҚ
Ұстаз – ұлағатты есім, ал мұғалімдік жол – қашанда мерейі биік, жауапкершілігі мол қасиетті соқпақ. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес, ол – жүрек қалауымен келетін ерекше миссия. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, бойына адамгершілік нәрін егетін ағартушылардың еңбегі ерен. Ал бір отбасының бірнеше буыны өмір жолын осы абыройлы іске арнап, еліміздің білім саласында өзіндік өрнегін қалдырса – бұл шын мәнінде заңғар мерей.
Осындай киелі ұстаздық дәстүрді үшінші буын ретінде абыроймен жалғастырып келе жатқан жас буын өкілі – Абраимова Еркежан Мұратқанқызы. Ол Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының Ұлан ауданы бойынша білім бөлімінің «М. Ломоносов атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.
Жас та болса, терең білімімен, ізденімпаздығымен танылған Еркежан Мұратқанқызы – магистр, «педагог-зерттеуші» біліктілік санаты бар ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ол заманауи инновациялық әдістемелерді шебер меңгеріп, жастарға әлемдік тілді үйретуде және білім шаңырағын жаңаша басқаруда зор еңбек сіңіріп келеді. Оның бойындағы педагогикалық шеберлік пен көшбасшылық қасиет – тереңнен тамыр тартқан әулеттік өнегенің жарқын көрінісі.
Еркежанның бойына ұстаздық дарыған алтын діңгек – оның анасы Абраимова Нұргүл Сейітжапарқызы. Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Мамай батыр ауылындағы М. Ломоносов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып, саналы өмірінің 40 жылын бала тәрбиесіне арнады. Қырық жыл бойы талай бүлдіршіннің алғаш рет қолына қалам ұстатып, білім айдынына жолдама берген Нұргүл Сейітжапарқызының еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталды. Анасының осы бір мамандыққа деген шексіз сүйіспеншілігі мен шәкіртке деген мейірімі Еркежанға бағыт-бағдар беріп, өмірлік жолын таңдауға негіз болды.
Ұстаздар әулетінің іргетасын Еркежанның нағашы атасы мен әжесі қалаған еді. Кезінде еліміздің іргелі білім ордасы – ҚазҰУ-ді (бұрынғы КазГУ) тәмамдаған қос ұстаз ел білімінің іргетасын қалауға зор үлес қосты:
- Сейітжапар Мырзаханов (атасы) тарих пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттерінің бойына отаншылдық пен өткенге құрмет сезімін ұялатты.
- Рамазанова Зурия (әжесі) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, ана тіліміздің қаймағын бұзбай, жас буынды ұлттық сөз өнерінің кәусар бұлағынан сусындатты.
Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, заман талабына сай жаңа серпінмен дамып келе жатқан бұл ұстаздар әулеті – білімге деген адалдық пен еңбекқорлықтың шынайы символы. Еркежан Мұратқанқызы сияқты жас әрі білікті педагогтар барда қара шаңырақтағы бұл сабақтастық пен ұстаздық рух алдағы уақытта да талай буын шәкірттерді тәрбиелеп, еліміздің жарқын болашағына қызмет ете берері сөзсіз.
Ұлан аудандық кәсіподақ ұйымы
Шығыс Қазақстан облысы
-
Фотографии
-