ШӘКІРТ ҚАНАТЫНА ҚУАТ БЕРГЕН ҰСТАЗ
Ұстаз еңбегінің басты жемісі – шәкіртінің жетістігі, оның білімге құштарлығы мен өмірден өз жолын табуы. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып келе жатқан ұстаздың бірі – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Сазды орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әзбергенова Самал Серікқызы.
Самал Әзбергенова еңбек жолының 13 жылында талай шәкіртке білім мен тәрбие беріп, олардың жетістіктеріне куә болып келеді. Ұстаз үшін оқушысының кішкентай жетістігінің өзі – үлкен қуаныш. Әсіресе, шәкіртінің кітап оқуға қызығушылығы артып, өз ойын еркін жеткізіп, шығармашылықпен жұмыс істей бастауы – ұстаз еңбегінің басты нәтижесі.
Самал Әзбергенова оқушыларын кітап оқуға баулуға ерекше мән береді. Оның еңбегінің нәтижесі шәкірттерінің жетістігінен де көрінеді. Республикалық «Балалар оқуы» байқауының облыстық кезеңінде шәкірттері Құлпынай Нұрланқызы «Білімді оқырман», Толғанай Әбдірасілқызы «Белсенді оқырман» номинацияларына ие болды. Ұстаз бұл жетістікті оқушыларды кітап оқуға қызықтыру бағытындағы еңбегінің нәтижесі деп бағалайды. Себебі, кітап оқыған бала – ойлайтын, ізденетін, өзіндік пікірі қалыптасқан тұлға.
Ұстаздықпен қатар, кәсіби ізденісті де басты орынға қоятын Самал Әзбергенова білімін жетілдіріп, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруге үнемі ұмтылады. Еңбегі еленіп, Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы мен Қарғалы ауданының білім бөлімінің Алғыс хаттарына ие болды. Сонымен бірге Самал Әзбергенова мектеп ұжымының қоғамдық өміріне белсенді араласып келеді. Кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде әріптестерімен бірге қоғамдық, мәдени және әлеуметтік іс-шараларға атсалысып, ұжымның бірлігі мен өзара қолдауын нығайтуға үлес қосуда.
Ұстаздық – білім берумен ғана шектелмейтін үлкен жауапкершілік. Самал Әзбергенова үшін шәкіртінің әрбір жетістігі - еңбегінің жемісі, ал әр оқушының бойындағы қабілетті ашып, оны биік мақсаттарға жетелеу – ұстаздық жолындағы басты ұстанымы.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-