ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, БАСТАУЫШ?!
Ұстаз – білім беріп қана қоймай, күн сайын үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген еңбек адамы. Сондықтан оның кәсіби қызметіне қатысты әрбір мәселе, әрбір ұсыныс пен пікір маңызды. Педагогтың үнін есту, ойымен бөлісу, еңбек саласындағы өзекті мәселелерді бірге талқылау – кәсіподақ жұмысының маңызды бағыттарының бірі.
Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде «Қалың қалай, бастауыш?» акциясы аясында Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы М.Таукеева Қарнақ ауылындағы М.Қашғари атындағы мектеп-лицейінің ұстаздарымен кездесті. Жаңа оқу жылының алғашқы күндеріндегі жүздесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, педагогтердің кәсіби қызметіне қатысты мәселелер мен көкейдегі сауалдар талқыланды. Кездесудің өзегіне ұстаздардың еңбек жағдайы, құқықтары мен кәсіби қызметіне қатысты өзекті мәселелер арқау болды.
Кездесу барысында «Мектептегі мұғалім-магистрдің рөлі, кәсіби қызметі және педагогикалық әдеп» тақырыптарына кеңінен тоқталды. Мұғалім-магистрдің ғылыми-зерттеушілік және әдістемелік әлеуетін білім сапасын арттыруға тиімді пайдалану, заманауи оқыту тәсілдерін енгізу, оқушылардың ғылыми жобаларына жетекшілік ету, жас мамандарға тәлімгерлік қолдау көрсету мүмкіндіктері сөз болды. Сонымен қатар педагогикалық әдептің негізі – өзара құрмет, сенім, әділдік және кәсібилік екені атап өтіліп, педагогтің кәсіби әлеуетін пайдалану барысында оның еңбек құқықтарының сақталуының маңыздылығы түсіндірілді.
Кездесу ашық сұрақ-жауап форматында жалғасып, ұстаздар өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікірлерін білдірді. Кәсіподақ төрайымы педагогтердің сауалдарына жауап беріп, еңбек құқықтары мен кәсіби міндеттеріне қатысты маңызды тұстарға түсініктеме берді.
Кәсіподақтың ұстанымы айқын: педагог өз міндетін ғана емес, өз құқығын да білуі керек. Өйткені еңбек құқығын білетін ұстаз өз еңбегінің бағасын біледі, кәсіби абыройын қорғайды және өз мүддесін сауатты қорғай алады.
«Қалың қалай, бастауыш?» – бір күндік акция емес, ұстазбен тұрақты байланысты нығайтуға бағытталған маңызды бастама.
Кентау қалалық кәсіподақ комитеті үшін әр педагогтың пікірі маңызды, әр мәселесі назарда, әр құқығы – қорғауда!
Түркістан облыстық ұйымының Кентау қалалық филиалы
-
Фотографии
-