ҰСТАЗДАР СПОРТТА ДА БЕЛСЕНДІ!
Салауатты өмір салтын насихаттау, ұстаздар арасында достық қарым-қатынасты нығайту және ұжымдық рухты көтеру мақсатында әлеуметтік әріптестердің ұйымдастыруымен білім беру саласының қызметкерлері арасында стритболдан тартысты жарыс өтті.
Спорттық додаға Тимирязев ауданының барлық білім беру мекемелерінің командалары қатысып, өзара бақ сынады. Жарыс барысында командалар өздерінің спорттық шеберліктерін, ептіліктері мен шапшаңдықтарын көрсетіп, алаңда қызу тартыс өрбіді. Әр команда жеңіске деген жігерін танытып, ұйымшылдық пен командалық рухтың жоғары үлгісін көрсетті.
Жарысқа Тимирязев мектеп-интернатының мұғалімдер командасы да белсене қатысып, мектебіміздің намысын абыроймен қорғады. Ұстаздарымыз ойын барысында жоғары спорттық дайындықтарын, төзімділіктерін, шапшаңдықтарын және бір-біріне деген қолдауларын көрсете білді. Команданың әрбір мүшесі ортақ мақсатқа жұмылып, жеңіске деген жігері мен табандылығын танытты.
Спорт тек дене шынықтыру ғана емес, ол бірлікке, өзара қолдауға, жауапкершілікке және алға қойған мақсатқа бірге жетуге үйретеді. Осы жарыс барысында да ұстаздарымыз өздерінің кәсіби қызметте ғана емес, спорттық додада да ұйымшыл әрі белсенді ұжым екенін дәлелдеді.
Жарыс қорытындысы бойынша Тимирязев мектеп-интернатының командасы жүлделі ІІ орынға ие болды!
Жеңіске жету жолында бар күш-жігерін жұмсап, мектеп абыройын асқақтатқан ұстаздарға алғыс білдіреміз!
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білім мен тәрбие беруде талмай еңбек ететін, сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттап, спортта да белсенділік танытып жүрген ұстаздарды мақтан тұтамыз!
СҚО Тимирязев аудандық филиалы