БАСТАУЫШ ҰЙЫМ – БАСТЫ ТІРЕК
«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқан аясында еңбек адамының еңбегін дәріптеу, кәсіби мамандардың жетістігін көрсету және жастардың кәсіподақ қозғалысындағы белсенділігін арттыру маңызды міндеттердің бірі.
Осы ретте Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Сарысу аудандық комитетінің Үшбас негізгі мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымында ұйымды дамыту құралдары нақты жағдайлар арқылы тиімді жүзеге асырылуда.
Үшбас негізгі мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы ұжымдағы әлеуметтік әріптестікті нығайту, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Ұйым қызметін дамытуда нақты жағдайларға негізделген заманауи тәсілдер мен тиімді құралдар тұрақты түрде қолданылуда.
Мектепте кәсіподақ мүшелерінің ұсыныстары мен қажеттіліктерін анықтау мақсатында сауалнамалар мен пікір алмасу кездесулері ұйымдастырылып, олардың нәтижесі негізінде кәсіподақ жұмысының жылдық жоспары жетілдірілді. Соның аясында құқықтық кеңестер, оқыту семинарлары, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар, ақпараттық кездесулер тұрақты өткізіліп келеді.
Әлеуметтік желі мен WhatsApp топтары арқылы жедел ақпарат тарату, ақпараттық бюллетеньдер жариялау және кері байланыс жүйесін енгізу мүшелермен тиімді коммуникация орнатуға мүмкіндік берді. Бұл қызметкерлердің кәсіподақ жұмысына белсенді қатысуына оң ықпал етуде.
Осы ретте, жаңа оқу жылының басында мектепте жас педагогтардың кәсіподақ жұмысына қатысу белсенділігін арттыру мақсатында арнайы кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында жас педагогтардың ұсыныстары тыңдалып, құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жастар кәсіподақтың мәдени, әлеуметтік және қоғамдық жобаларына белсенді араласа бастады.
Осындай нақты жұмыстардың нәтижесінде Үшбас негізгі мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының беделі артып, ұйым мүшелерінің белсенділігі күшейіп, ұжымдағы бірлік пен ынтымақтастық нығая түсті. Біздің ұранымыз: «Бірлік – Қорғау – Даму. Бірге – жақсы нәтижеге!».
Жамбыл кәсіподағының Сарысу аудандық комитеті