ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК, ҚОЛДАУ ЖӘНЕ СЕНІМ АЛАҢЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының өкілдері Хромтау ауданындағы Ақжар орта мектебі мен «Болашақ» балабақшасына барып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысына әдістемелік қолдау көрсетті. Кәсіподақ мамандары әр мәселе бойынша түсініктеме беріп, қызметкерлердің еңбек құқықтарына қатысты ақпараттар ұсынды.
Сапар аясында аталған ұйымдардың ұжымдарымен кездесу ұйымдастырылып, қызметкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Ашық форматтағы жүздесу барысында еңбек ұжымындағы өзекті мәселелер мен кәсіподақ мүшелерін толғандырған сауалдар талқыланды.
Іс-шараның келесі бөлігі келісу комиссиясының мүшелеріне арналған тәжірибелік семинармен жалғасты. «Еңбек даулары, олардың туындау себептері және келісу комиссиясында қарау тәртібі» тақырыбында өткен оқыту барысында еңбек дауларының алдын алу, туындаған мәселелерді келіссөз арқылы шешу және комиссия жұмысының тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды.
Семинар қатысушылары теориялық біліммен қатар, еңбек дауларын қарау кезінде ескерілетін маңызды мәселелер бойынша практикалық кеңестер алып, өзара тәжірибе алмасты.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы