ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
Мектеп – тек білім беретін орта ғана емес, сонымен қатар педагогтер мен қызметкерлердің күнделікті еңбек ететін жұмыс орны. Сондықтан білім беру ұйымында еңбек қауіпсіздігін сақтау, қызметкерлердің денсаулығын қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі.
Алматы қаласы Медеу ауданының №19 жалпы білім беретін мектебінде еңбек қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы бағытта мектептің еңбек инспекторы, «Ұстаз» кәсіподағының мүшесі Тутинбаев Диар Жанатұлы еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Еңбек қауіпсіздігінің негізгі мақсаты:
Еңбек инспекторы қызметінің басты мақсаты – мектеп қызметкерлеріне қауіпсіз және денсаулыққа зиян келтірмейтін еңбек жағдайларын жасауға ықпал ету, еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылау және еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету. Осы мақсатқа сәйкес еңбек инспекторы еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылау, жұмыс орындарының жағдайын тексеру, қызметкерлерге түсіндіру және кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар қызметкерлердің еңбек құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттандырылуына да ерекше назар аударылады.
Қауіпсіздік – тұрақты бақылауда
2025 жылдың сәуір айында №19 жалпы білім беретін мектепте еңбек қауіпсіздігі бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеруге үш еңбек инспекторы қатысып, мектептің негізгі жұмыс және оқу орындары қамтылды. Тексеру барысында сабақ өткізілетін кабинеттердің жағдайына, ондағы жабдықтарға, электр сымдары мен электр желілерінің қауіпсіздігіне, жиһаздардың жай-күйіне және жұмыс орындарының еңбек қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігіне назар аударылды.Сонымен бірге қызметкерлердің қауіпсіздік ережелері туралы білім деңгейіне мән беріліп, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Анықталған мәселелер және атқарылған жұмыстар
Тексеру нәтижесінде бірқатар назар аударуды қажет ететін мәселелер анықталды. Атап айтқанда, кейбір жабдықтардың ескіруі, электр сымдары мен электр желілерінің жекелеген бөліктерін жаңарту қажеттілігі байқалды.Анықталған мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданып, электр желілерінің қауіпсіздігіне байланысты жұмыстар жүргізілді, қажетті жерлердегі плинтустар ауыстырылды. Қауіп тудыруы мүмкін учаскелерге ерекше назар аударылып, оларды ретке келтіру бойынша жұмыстар атқарылды.
Сонымен қатар мектеп қызметкерлеріне еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау, электр құрылғыларын дұрыс пайдалану, жұмыс орнын қауіпсіз ұйымдастыру және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Түсіндіру және алдын алу жұмыстары
Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек кемшіліктерді анықтаумен шектелмейді. Қауіптің алдын алу – осы бағыттағы жұмыстың маңызды бөлігі. Осыған байланысты мектеп ұжымына еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты қорғау мәселелері бойынша кеңестер беріліп, түсіндіру шаралары ұйымдастырылды. Қызметкерлерге өз жұмыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттілігі ескертілді.
Алдағы уақытта да қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі бойынша білімін жетілдіру мақсатында семинарлар, нұсқаулықтар мен тренингтер өткізу, мектептегі жабдықтардың техникалық жағдайын тұрақты бақылау және қажет болған жағдайда оларды кезең-кезеңімен жаңарту көзделіп отыр.
Мектептегі еңбек қауіпсіздігі – бір адамның ғана емес, бүкіл ұжымның ортақ жауапкершілігі. Қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру қызметкерлердің денсаулығын қорғап қана қоймай, білім беру үдерісінің сапалы әрі тұрақты ұйымдастырылуына да мүмкіндік береді.
Мектепте жүргізілген тексеру және алдын алу жұмыстары еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бағытындағы маңызды шаралардың бірі болды. Анықталған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, қызметкерлерге қажетті түсіндірмелер мен ұсыныстар берілді.
Алдағы уақытта да мектептегі еңбек қауіпсіздігі жағдайын тұрақты бақылау, материалдық-техникалық базаны жаңарту, қауіпсіздік талаптарын жетілдіру және қызметкерлердің осы бағыттағы білімін арттыру жұмыстары жалғасын табады.
Қауіпсіз еңбек – сапалы жұмыстың және әрбір қызметкердің денсаулығын сақтаудың кепілі.
Алматы қ. «Ұстаз» кәсіподағы