ҰСТАЗ – ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ
Ұстаздық — білім берумен ғана шектелмейтін, шәкірттің бойындағы қабілетті танып, оны алға жетелеуді талап ететін жауапты мамандық. Осы жолды отыз жылдан астам уақыт бойы абыроймен атқарып келе жатқан ұстаздың бірі — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Базарбаева Жанаргүл Бақитқалиқызы.
1971 жылы Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Бадамша ауылында дүниеге келген Жанаргүл Базарбаева 1993 жылдан бері ұстаздық қызметте. Ол мұғалімдікпен қатар, жеті жыл директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, мектептің тәрбие жұмысына да үлес қосты.
Кәсіби ізденісін әдістемелік жұмыстармен ұштастырып, облыстық конференцияларға қатысып, «Ақтөбе-Дарын» орталығы жанындағы «Тілдер ассоциациясы» құрамында дарынды оқушылармен жұмыс істеп келеді. «Үздік ғылыми жетекші» конкурсында ІІ орын иеленіп, шығармашылық шеберхана жетекшісі ретінде де марапатталған.
Еңбегінің нәтижесі шәкірт жетістіктерінен анық көрінеді. Оның оқушылары «Жарқын болашақ», «Зерде», «Ақбота» байқауларында, қазақ тілі олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды. «Бастау» ұлттық сайысына 15 оқушы дайындап, нәтижелі жұмысы үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Жанаргүл Базарбаева үшін ұстаздықтың мәні — өз білгенін шәкіртке жеткізумен бірге, оның өз бетімен ізденуіне жол ашу. Жас мамандарға тәжірибесімен бөлісіп, әріптестерімен әдістемелік тұрғыда тәжірибе алмасып келеді.
33 жылдық еңбек жолы — бір мамандыққа адалдықтың, шәкіртке деген жауапкершіліктің және үздіксіз ізденістің көрінісі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-