ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК – МАҢЫЗДЫ БАҒЫТ
Кәсіподақ – қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға, олардың мүдделерін қолдауға және ұжымдағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қоғамдық ұйым. Алматы қаласындағы КМҚК №126 бөбекжай-балабақшасында да кәсіподақ ұйымының қызметіне ерекше мән беріліп, ұжым мүшелеріне жан-жақты қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мақсатымыз – қызметкердің құқығын қорғау
«Ұстаз» кәсіподақ ұйымының негізгі мақсаты – балабақша қызметкерлеріне кәсіподақтың атқаратын қызметі, құқықтары мен әлеуметтік қолдау түрлері туралы түсінік беру, әрбір ұжым мүшесінің өз еңбек құқықтарын білуіне және кәсіподақ жұмысына белсенді қатысуына жағдай жасау. Кәсіподақ қызметкерлер мен жұмыс беруші арасындағы өзара түсіністік пен әлеуметтік серіктестікті нығайтуға ықпал етеді. Қызметкерлердің ұсыныс-пікірлеріне назар аударып, олардың еңбек және әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндігінше қолдау көрсетеді.
Құқықтық көмек – маңызды бағыт
Кәсіподақ ұйымы қызметінің негізгі бағыттарының бірі – еңбек құқықтарын қорғау және құқықтық көмек көрсету.
Қызметкерлерге еңбек шарты, жұмыс уақыты, жыл сайынғы еңбек демалысы және еңбек қатынастарына байланысты өзге де мәселелер бойынша кеңестер беріледі. Еңбек заңнамасына қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қызметкерлердің өз құқықтары мен міндеттерін білуіне жағдай жасалады.
Әрбір қызметкер өзінің еңбек құқықтарын білуі – еңбек қатынастарындағы тұрақтылықтың маңызды кепілі. Сондықтан кәсіподақ ұйымы құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөледі.
Әлеуметтік қолдау – қамқорлықтың көрінісі
Ұжым мүшелеріне әлеуметтік қолдау көрсету де кәсіподақ жұмысының маңызды бөлігі болып табылады. Қиын материалдық жағдайға тап болған қызметкерлерге кәсіподақтың мүмкіндігіне қарай көмек көрсету, қуанышты және қиын жағдайларда ұжым мүшелерінің жанынан табылу дәстүрге айналған. Мерейтойлар мен қызметкерлердің өміріндегі маңызды оқиғалар да назардан тыс қалмайды. Мұндай қолдау ұжымдағы өзара сыйластықты, бірлік пен жанашырлықты арттырады.
Еңбек демалысы және қызметкерлердің құқықтары
Қызметкерлердің демалысқа шығу құқығының сақталуы да кәсіподақ назарындағы маңызды мәселелердің бірі . Кәсіподақ ұйымы жыл сайынғы еңбек демалысына қатысты мәселелерді бақылауға қатысып, қызметкерлерге демалыс құқықтары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл әрбір қызметкердің заңмен белгіленген құқықтарын білуіне және оны дұрыс пайдалануына көмектеседі.
Мерекелік және мәдени іс-шаралар – ұжым бірлігінің негізі
Кәсіподақ жұмысы тек құқықтық және әлеуметтік қолдаумен шектелмейді. Ұжымдағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыру, қызметкерлердің ауызбіршілігін арттыру мақсатында мәдени, мерекелік және спорттық іс-шараларға да ерекше көңіл бөлінеді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, Наурыз мейрамы, Республика күні, Тәуелсіздік күні, Ұстаздар күні және басқа да мерекелерге арналған іс-шараларды ұйымдастыруға кәсіподақ белсенді қатысады. Мерекелік шараларда қызметкерлерді ынталандыру, олардың еңбегін атап өту ұжым мүшелеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Сонымен қатар ұжымның ауызбіршілігін арттыруға бағытталған мәдени-спорттық шаралар ұйымдастыру қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеуге ықпал етеді.
Кәсіби қолдау және ынталандыру
Кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің кәсіби дамуына және еңбегінің бағалануына да көңіл бөледі. Ұжым мүшелерін жетістіктері үшін алғысхаттармен марапаттауға және түрлі ынталандыру шараларына ұсынуға атсалысады.
Жас мамандарды қолдау – кәсіподақ қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. Жас қызметкерлердің ұжымға бейімделуіне, тәжірибелі әріптестерімен кәсіби байланыс орнатуына қолдау көрсетіледі.
Сондай-ақ кәсіби мерекелерге байланысты іс-шараларға қатысу, қызметкерлердің ұсыныстары мен өзекті мәселелерін тиісті орындарға жеткізу арқылы кәсіподақ ұжым мен әлеуметтік серіктестер арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Бірлігі жарасқан ұжым – табысты еңбектің негізі
Кәсіподақ ұйымы – қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға, әлеуметтік қолдау көрсетуге, ұжымдағы ынтымақтастық пен ауызбіршілікті нығайтуға бағытталған ұйым.
Кәсіподақ пен жұмыс берушінің өзара түсіністікке, құрметке және әлеуметтік серіктестікке негізделген бірлескен жұмысы КМҚК №126 бөбекжай-балабақшасында қолайлы еңбек ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде қызметкерлер кәсіподақ ұйымының негізгі міндеттері мен мүмкіндіктері туралы ақпарат алып, өздерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік қолдау түрлерін жақсырақ танып келеді. Бұл олардың кәсіподақ өміріне белсенді араласуына, ұжымдық мәселелерді бірлесе шешуге және ортақ бастамаларды қолдауға мүмкіндік береді.
Кәсіподақ – қызметкердің құқығын қорғап, ұжымның бірлігін нығайтатын сенімді қолдау. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ұжымда ғана нәтижелі еңбек пен жарқын жетістікке жол ашылады
Алматы қаласы «Ұстаз» кәсіподағы
-
Фотографии
-