БІЛІКТІ ПЕДАГОГ
Білім беру саласы – тек біліктілікті емес, үлкен жүрек пен шексіз төзімділікті талап ететін жауапты майдан. Осы салада ширек ғасырдан астам уақыт бойы талмай еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан білікті педагог-зерттеуші – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы «Қабден Ақынов атындағы орта мектебі» КММ география пәнінің мұғалімі Маубакимов Асқар Қасымжанұлы.
Асқар Қасымжанұлының білімге деген құштарлығы 1973–1983 жылдары М. Горький атындағы орта мектеп қабырғасында қалыптасты. Мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, ол 1987 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «География және биология» мамандығына оқуға түсіп, 1992 жылы жоғары білімді маман дипломын алды.
Бүгінде оның педагогикалық саладағы жалпы жұмыс тәжірибесі 35 жылды құраса, соның 32,5 жылын тікелей география пәнін оқытуға арнады. 2001 жылдан бері ол Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мұғалім Қабден Ақынов атындағы орта мектебінде үздіксіз қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішіндегі ізденіс пен еңбектің нәтижесінде «жоғары санатты педагог-зерттеуші» мәртебесіне ие болды.
Асқар Қасымжанұлы – заман көшінен қалмай, білім берудегі соны технологияларды өндіріске енгізуді басты ұстаным ететін мұғалім. Ол оқу үдерісінде Lesson Study тәсілін шебер қолданады. 2013 жылы үш деңгейлік Кембридж курсын, ал 2017 жылы тренерлік курсты сәтті аяқтап, жас әріптестеріне коучингтер мен шеберлік сыныптарын өткізіп, тәжірибе бөлісіп келеді.
Оның кәсіби біліктілігі республикалық деңгейде де жоғары бағаланған. 2018 жылы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің сараптамасына және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы республикалық сараптама комиссиясына белсенді қатысып, Алғыс хаттармен марапатталды.
Асқар Қасымжанұлының еңбегі оның жетістіктері мен шәкірттерінің бағындырған белестерінен айқын көрінеді: 2020 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы республикалық олимпиадада III орынды иеленді; 2021 жылы ҚР Педагогтар Қоғамының «Білім беру ісінің үздіктері – 2021» байқауында үздік танылып, «Үздік педагог» төсбелгісін тақты. Сол жылы республикалық олимпиада ұйымдастыруға қатысып, І дәрежелі диплом алды және NIO.KZ олимпиадасына жеңімпаздар дайындады; 2022 жылы PISA халықаралық зерттеуіне дайындық бойынша мастер-класс өткізсе, «Өлкетану атласы: Менің туған өлкем» конкурсында шәкірті Слямбеков Айдос жүлделі III орынға ие болды; 2023 жылы республикалық «Шығармашыл ұстаз» байқауында I дәрежелі дипломмен марапатталды.
Асқар Қасымжанұлының педагогикалық ұстанымының өзегі – баланың ішкі шығармашылық әлеуетін ашу, география пәніне деген сүйіспеншілікті ояту және ғылыми ізденіске баулу. Өз ісіне адал, үнемі даму үстінде жүретін педагог-зерттеушінің бұл еңбегі – келешек ұрпаққа жасалған үлкен инвестиция.
Тарбағатай аудандық кәсіподақ ұйымы Шығыс Қазақстан облысы