ШӘКІРТІН ШЫҢҒА ШЫҒАРҒАН ҰСТАЗ
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білім саласына арнап келе жатқан ақтөбелік білікті педагогтың бірі – математика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Қалыбаева Айбала Әбілкәрімқызы.
Айбала Қалыбаева 1976 жылы 22 шілдеде Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шаған ауылында дүниеге келген. 1993 жылы Алматы қаласындағы Қазақ қыздар педагогикалық институтының математика-физика факультетіне оқуға түсіп, 1997 жылы математика-информатика пәні мұғалімі мамандығын тәмамдады.
Еңбек жолын 1998 жылы Ақтөбе облысы Шалқар қаласындағы №4 жалпы білім беретін орта мектептен бастап, содан бері осы білім ордасында абыроймен қызмет етіп келеді.
Математика – дәлдікті, логиканы және табандылықты талап ететін күрделі пән. Ұстаздың басты мақсаты да – осы қасиеттерді шәкірт бойына сіңіріп, білімді өмірлік дағдыға айналдыру. Оның шәкірттері түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен интеллектуалдық сайыстарда өз білімдерін дәлелдеп жүр.
Атап айтқанда, 10–11 сынып оқушылары арасындағы «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының өңірлік кезеңінде жүлделі ІІ, ІІІ орындарға ие болған оқушылары, республикалық «Ақбота» марафонының, халықаралық «Кенгуру – математика» конкурсының жүлдегерлері ұстаз еңбегінің нәтижесін көрсетеді. Сонымен қатар шәкірттері республикалық «Абай», «Жүзден жүйрік», «Sapsan» сынды зияткерлік олимпиадаларда жүлделі орындардан көрініп, аудандық математика пәні олимпиадаларында да жеңімпаз атанып келеді.
Ұстаз үшін шәкіртінің жетістігінен асқан қуаныш жоқ. Ал, оның берген білімін жалғастырып, өзі секілді ұстаздық жолды таңдаған шәкірттері болса, бұл – еңбектің ең биік бағасы. Айбала Қалыбаеваның шәкірттері бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебінде және өзге де білім беру ұйымдарында математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. Төрт шәкіртінің ұстаздық мамандықты таңдап, математика саласында еңбек етуі оның кәсіби еңбегінің нәтижесін айқын аңғартады.
Үш рет сынып жетекшісі болған ұстаз талай түлектің үлкен өмірге қадам басуына бағыт-бағдар берді. Бүгінде сол шәкірттері түрлі салада еңбек етіп, ел игілігіне өз үлестерін қосып жүр. Демек, ұстаз еңбегінің жемісі – тек сабақтағы баға немесе олимпиададағы жүлде емес, шәкіртінің өмірден өз орнын табуы.
Айбала Қалыбаеваның еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен,«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Алғыс хатымен, аудан әкімінің Алғыс хатымен, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен және Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасына марапатталды. Сондай-ақ «Нұр Отан» және «AMANAT» партияларының Алғыс хаттарына ие болды.
Жиырма жеті жыл – бір қарағанда ұзақ уақыт болғанымен, ұстаз үшін бұл кезең мыңдаған сабақпен, жүздеген шәкіртпен, талай ізденіс пен толассыз еңбектің тарихы. Әр сабағына жауапкершілікпен қарап, шәкіртінің жеңісін өз жетістігіндей қабылдайтын Айбала Әбілкәрімқызы үшін ұстаздық жай ғана мамандық емес, өмірлік ұстаным.
Ұстаз еңбегінің шынайы бағасы – шәкіртінің биігі. Ал, Айбала Қалыбаеваның биігі – білімді, ізденімпаз, ел болашағына қызмет етер шәкірттері.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-