ӨСКЕМЕНДЕ БІЛІМ САЛАСЫ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ АУҚЫМДЫ АКТИВІ ӨТТІ
Өскемен қаласындағы «Кәсіподақтар үйінде» Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашеваның Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңірлік кәсіподақ активімен кездесу өтті.
Сындарлы сұхбат алаңына облыстық, қалалық және аудандық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, бастауыш ұйым төрағалары мен білім беру саласының әлеуметтік әріптестері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту, кәсіподақ қызметін заман талабына сай жаңғырту және заңнамалық бастамалар аясында өзара іс-қимылды нығайту.
Мазмұнды жиын екі негізгі блокқа бөлініп өткізілді:
I блок: Стратегиялық басымдықтар мен қайырымдылық бастамалары
Кездесуді ШҚО білім кәсіподағының төрағасы Н.Б.Касенова құттықтау сөзімен ашып, алдағы жоспарларға қысқаша тоқталды.
Сөз кезегін алған Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева сала қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, заңнамалық бастамаларды ілгерілету және кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету бағытындағы негізгі басымдықтарды егжей-тегжейлі баяндады.
Іс-шара барысында дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы аясындағы қайырымдылықтың жаңа бағыттары таныстырылды. Зайсан қаласында «Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» КММ жанынан 0–3 жас аралығындағы балаларға арналған кабинеттің ашылуына орай, ШҚО облыстық кәсіподағы тарапынан бұл мекемеге материалдық-техникалық қолдау көрсетілді. Өз кезегінде А. Мұқашева Салалық кәсіподақ атынан да қаржылай көмек берілетінін атап өтті. Бұл бастама ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте жастан қолдауға және әлеуметтік көмек көлемін арттыруға бағытталған.
Бірінші блоктың салтанатты бөлігінде білім беру жүйесін дамытуға, кәсіподақ қозғалысын нығайтуға және әлеуметтік әріптестікті тереңдетуге елеулі үлес қосқан белсенді мүшелер мен серіктестерге арнайы марапаттар табысталды.
II блок: «Диалог алаңы» (Еркін микрофон)
Жиынның екінші бөлігі ашық пікірлесу мен сындарлы диалог форматында өтті. Қатысушылар тарапынан педагогтердің оқу жүктемесін оңтайландыру, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау шараларын күшейту бойынша нақты ұсыныстар мен сұрақтар ортаға тасталды.
Құқықтық жұмыс, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Р.М. Қыдырбаева қойылған әрбір сұраққа заңнамалық тұрғыдан жан-жақты, тұщымды жауап берді.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарға толыққанды жауап алып, алған ақпаратты алдағы жұмыстарында қолданатындарын білдірді. Нәтижелі диалог алаңы кәсіподақ қауымдастығының ынтымақтастығын арттырып, ортақ мақсаттарға жету жолындағы маңызды қадам болды.
Шығыс Қазақстан облысы
-
Фотографии
-