ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰСТАЗ
Кошаева Анар Тәжібайқызы – 36 жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар білікті ұстаз, география пәні мұғалімі, педагог-кәсіптік бағдар беруші, ұлттық қолөнерді дәріптеуші шебер, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген шығармашыл педагог. Анар Тәжібайқызы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын тәмамдап, еңбек жолын білім беру саласымен байланыстырып келеді. Қазіргі таңда «Облыстық санаторлық мектеп-интернат» КММ-де педагог-кәсіптік бағдар беруші қызметін атқарып, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға және ұлттық өнерге қызығушылығын арттыруға елеулі үлес қосуда. Педагогтің кәсіби еңбегі мен шығармашылық ізденісі көптеген марапаттармен бағаланған. Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Құрмет грамоталарымен», Маңғыстау облысы әкімінің «Алғыс хаттарымен», облыстық білім басқармасының «Құрмет грамоталарымен», кәсіподақ ұйымының марапаттарымен және басқа да көптеген республикалық, халықаралық деңгейдегі «Дипломдар» мен «Алғыс хаттарға» ие. Анар Тәжибаевнаның шығармашылығындағы ерекше бағыт – ұлттық қолөнерді жаңғырту және оны жас ұрпақ тәрбиесімен ұштастыру. Ол қазақ халқының дәстүрлі қолөнер түрлерін зерттеп, ұлттық нақыштағы бұйымдар жасап қана қоймай, өзінің жинақтаған тәжірибесін оқушыларға үйретіп келеді.
Ұлттық қолөнерді насихаттау жолындағы еңбегі оны республикалық және халықаралық көрмелерге алып келді. 2017 жылы Астана қаласында өткен EXPO-2017 халықаралық көрмесіне ұлттық қолөнер бұйымдарымен қатысып, шеберлігін көпшілікке таныстырды. Сонымен қатар «Ұлы дала жәрмеңкесінің» І және ІІ республикалық көрмелеріне, «Көне Тараз шеберлері» халықаралық көрмесіне, республикалық және халықаралық деңгейдегі өзге де шығармашылық шараларға қатысты. 2023 жылы Түркия Республикасының Газиантеп қаласында өткен халықаралық кәсіпкерлер көрмесіне қатысып, ұлттық қолөнерді халықаралық деңгейде танытуға өз үлесін қосты. 2025ж. «Ұлттық құңдылықты кәсіпке айналдырайық» ғылыми жобамыз «Зейін-2025» ІІІ халықаралық ғылыми жобалар байқауында 2-орынға ие болып, Баку қаласында өтетін финалға жолдама алды. Кошаева Анардың осы жылғы ең маңызды шығармашылық жобаларының бірі – «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы.
Жобаның негізгі мақсаты – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнер дәстүрін сақтап, оны қазіргі заман талабымен сабақтастыра отырып, жас ұрпаққа үйрету. Жоба аясында оқушыларға ұлттық қолөнердің түрлі бағыттары бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, практикалық жұмыстар жүргізілді. Шеберлік сабақтарында оқушылар ұлттық бұйымдарды жасаудың қыр-сырын меңгеріп, өз қолдарымен шығармашылық жұмыстар орындады. Әр сабақ барысында бала тек қолөнер техникасын үйреніп қана қоймай, халқымыздың тарихы, салт-дәстүрі, ұлттық ою-өрнегі мен мәдени мұрасы туралы танымын кеңейтті.Ұстаздың жетекшілігімен орындалған оқушылардың шығармашылық жұмыстары түрлі көрмелер мен байқауларда ұсынылып, республикалық деңгейде жетістіктерге жетті. «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы 2026ж. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және QAZAQ CREATIVE индустрияландыру қоры ұйымдастырған конкурсқа қатысып, жеңімпаздар қатарынан табылып,грантқа ие болып, Астана қаласында«Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы бойынша шеберлік сабағын өткізді. Жоба қорытындысы бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Алғыс хатына» ие болды. Бүгінде Анар Тәжібайқызы өз ісіне адал ұстаз, ізденімпаз шебер ретінде ұлттық өнерді дәріптеу жолындағы еңбегін жалғастырып келеді. Оның басты мақсаты – ұлттық мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, шәкірт жүрегіне өнерге деген сүйіспеншілік ұялату және қазақ қолөнерінің қадірін арттыру.
Ұлттық мұра – өткеннің естелігі ғана емес, келешекке қалар аманат. Ал сол аманатты, ұлттық өнерді ұлықтау, оны жас ұрпаққа үйрету және келешекке жеткізу жолындағы бұл еңбек – кейінгі буынға үлгі боларлық құнды мұра.
Ақбаян Қайратқызы,
«Облыстық санаторлық мектеп-интернат»
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы,
Маңғыстау облысы