ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ МҮДДЕСІ – КӘСІПОДАҚТЫҢ БАСТЫ БАҒДАРЫ
«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқаны аясындағы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы Жамбыл облысының аудандарында жалғасуда. Акцияның негізгі мақсаты – еңбек ұжымдарымен тікелей байланыс орнатып, қызметкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдау, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын зерделеу және көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал ету.
Осы бағыттағы кездесулерге Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақовпен бірге Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков те қатысып, Т.Рысқұлов, Байзақ, Талас және Сарысу аудандарындағы еңбек ұжымдарымен кездесті.
Т.Рысқұлов ауданындағы Абай атындағы орта мектептің еңбек ұжымымен кездесуде қызметкерлер әлеуметтік және еңбек мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, сауықтыру орындарына берілетін жолдамалар құнына қатысты мәселе және педагогтердің біліктілік санаттарына байланысты пилоттық жоба аясындағы өзгерістер талқыланды.
Ал Байзақ ауданындағы Н.Киікбаев атындағы орта мектептің ұжымы да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Кездесуде мектептегі күзетшілер, аула сыпырушылар мен вахтерлерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу, сондай-ақ мұғалімдердің еңбекақысы мен еңбек жағдайына қатысты ұсыныстар айтылса, Талас ауданындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің еңбек ұжымымен кездесуде мектепке акт залын салу, педагогтердің біліктілігін арттыру және сауықтыру мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ сынып жетекшілерінің еңбекақысына қатысты мәселелер көтерілді.
Сарысу ауданындағы кездесуде де еңбек ұжымдарымен ашық пікір алмасып, қызметкерлердің ұсыныстары мен талап-тілектерін тыңдауға, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын зерделеуге және кәсіподақ мүшелерін толғандыратын мәселелерді анықтауға басымдық берілді.
Барлық кездесулер барысында Ерұлан Мағзымбеков білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктерді сақтау және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еңбек ұжымдарымен тұрақты байланысын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
– Кәсіподақтың күші оның еңбек ұжымымен қаншалықты тығыз байланыста болуында. Бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің ұсынысы мен мәселесін бірінші болып білетін маңызды буын. Сондықтан ұжымда көтерілген әрбір мәселе назарда болып, оны шешудің нақты жолдары қарастырылуы қажет. Біздің мақсатымыз мәселені тыңдап қана қоймай, оның заң аясында шешілуіне ықпал ету, – деді Ерұлан Мағзымбеков.
Кездесулер барысында еңбек қауіпсіздігі, еңбек қатынастарын реттеу, әлеуметтік кепілдіктерді сақтау, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағыттарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесулердің мазмұны әртүрлі болғанымен, ортақ мақсат бір, яғни еңбек адамының үнін есту, оның мәселесін анықтау және шешілуіне кәсіподақ арқылы ықпал ету. Мұндай кездесулер бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын зерделеуге ғана емес, ұжымдардағы нақты мәселелерді анықтап, оларды шешу бағыттарын белгілеуге мүмкіндік береді.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фотографии
-