ЕҢБЕК ШАРТЫ – ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ НЕГІЗГІ КЕПІЛІ!
Бүгін Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мақсатқызы Мұқашеваның іссапары маңызды құқықтық тақырыпқа арналған мазмұнды оқыту семинарымен басталды. Сайрам ауданындағы №93 Абылай хан атындағы мектепте «Еңбек шарты. Еңбек шартын тоқтатудың негіздері мен тәртібі» тақырыбында ауқымды семинар өтті. Еңбек шартын дұрыс жасау, оның талаптарын сақтау және заңда көзделген негіздер бойынша ғана тоқтату – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастарының маңызды құқықтық негізі.
Осы бағыттағы заң талаптарын терең түсіну – еңбек қатынастарында туындауы мүмкін мәселелердің алдын алудың басты тетіктерінің бірі. Семинарға Сайрам ауданындағы 26 жалпы білім беру ұйымының басшылары, 5 мектепке дейінгі білім беру ұйымының меңгерушілері және келісу комиссияларының 182 мүшесі қатысты.
Қатысушыларға еңбек шартын жасасу мен тоқтатудың құқықтық негіздері, тараптардың құқықтары мен міндеттері, еңбек заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша жан-жақты түсіндірме берілді. Семинар жұмысына салалық кәсіподақтың төрайымы Айгүл Мақсатқызы Мұқашева, салалық кәсіподақтың құқықтық бөлімінің басшысы Райхан Мамашиқызы Қыдырбаева, Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандос Шайдуллаұлы, төрағаның орынбасары Ержан Ибадуллаұлы Исатаев, облыстық кәсіподақтың заңгері Ермахан Тілепберген, Сайрам аудандық «Шапағат-педагог» білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрайымы Гульнара Абдулламитқызы Тлеубердиева және әлеуметтік әріптесіміз – Сайрам аудандық білім бөлімінің заңгері Бейбітхан Зиябеков қатысты.
Еңбек құқығын білу – өз құқығыңды қорғаудың алғашқы қадамы. Кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі – білім саласы қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек заңнамасының сақталуына ықпал ету және әлеуметтік әріптестік мәдениетін нығайту. Бүгінгі семинар – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі.
-
Фотографии
-