ЖАМБЫЛДА КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫ МЕКТЕП ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Жамбыл облысында еңбек ұжымдарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын зерделеуге бағытталған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы жалғасуда. Кезекті кездесу Т.Рысқұлов ауданындағы Абай атындағы орта мектептің ұжымымен өтті. Басқосуға Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов пен Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатысты.
Кездесу барысында мектептегі еңбек ұжымының тыныс-тіршілігі, бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы және қызметкерлермен өзара байланыс мәселелері сөз болды. Атап айтқанда, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлжай Жүнісханқызы ұжымдағы қазіргі ахуалға тоқталып, кәсіподақ ұйымының қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік мәселелерін шешудегі рөліне назар аударды. Сондай-ақ бастауыш ұйым тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Мұнан соң мектеп қызметкерлері өздерін толғандырған бірқатар әлеуметтік және еңбек мәселелерін ортаға салды. Оның ішінде, еңбек ұжымы демалыс орындарына берілетін жолдамалар құны мен кәсіподақ тарапынан берілетін пайыздық жеңілдіктер туралы ұсыныс білдірді. Сонымен қатар педагогтардың біліктілік санатына қатысты пилоттық жоба аясындағы өзгерістер де сөз болды.
Атап айтқанда, «зерттеуші» және «шебер» санаттарына байланысты еңбек өтіліне қойылатын талаптардың төмендетілуіне қатысты мәселе көтеріліп, оның педагогтердің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктеріне ықпалы жөнінде пікірлер айтылды.
Кездесу барысында Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов пен Ерұлан Мағзымбеков еңбек ұжымы тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бағытындағы кәсіподақ жұмыстарына кеңінен тоқталды. Олар педагогтардың еңбек жағдайларын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктерін сақтау және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлермен тұрақты байланыс орнатуының маңыздылығын да атап өтті.
Жамбыл облыстық ұйымы