ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ СЫЙЛЫ ҰСТАЗ
Сақауов Ибрагим Бахиткерейұлы – алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің тәжірибелі ұстазы, жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беріп, елжандылық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға өз үлесін қосып келе жатқан білікті маман.
Ибрагим Сақауов 1967 жылғы 21 наурызда Ақтөбе облысы Ленин ауылында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын тәмамдаған. Бүгінде 37 жылдық еңбек өтілі бар, кәсіби біліктілігі педагог-сарапшы.
2013 жылдан бері №2 Бадамша орта мектебінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Ол әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстарға белсенді араласып, оқушылардың бойындағы азаматтық ұстаным мен елжандылық қасиеттердің қалыптасуына ықпал етіп жүр.
Ұстаздың кәсіби жолы тек сабақ берумен шектелмейді. Ол спорт және әскери салада, сондай-ақ мекеме басқару бағытында еңбек етіп, әр саладан жинаған тәжірибесін қазіргі ұстаздық қызметінде тиімді пайдаланып келеді. Әсіресе, оқушылардың тәртібі мен жауапкершілігін қалыптастыруға, Отанды қорғау ұғымының мәнін түсіндіруге ерекше көңіл бөледі.
Сақауов Ибрагим Бахиткерейұлы – өз ісіне адал, ізденімпаз әрі тәжірибесін үнемі жетілдіруге ұмтылатын ұстаз. Түрлі деңгейдегі әскери-патриоттық сайыстар мен жарыстарда шәкірттерін дайындап, мектеп намысын абыроймен қорғауға үлес қосты. Оның шәкірттері арасынан да талай талапты жас танылып жүр. «Айбын-2023» облыстық байқауында оның шәкірті, 10-сынып оқушысы З.Құмарова II орын иеленді. Бұл – оқушының жеке жетістігі ғана емес, оны дайындаған ұстаздың жүйелі еңбегінің де нәтижесі.
Ибрагим Бахиткерейұлының кәсіби еңбегі бірқатар марапаттармен бағаланған. Ол Халық қаһармандары Рахымжан Қошқарбаев және Бауыржан Момышұлы атындағы төсбелгілермен марапатталған. Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының ұйымдастыруымен өткен турнирде II орын алып, төсбелгіге ие болып, «Үздік АӘТД мұғалімі» атанған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің дипломымен, алғыс хаттарымен марапатталған. «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік білім беру орталығының және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің алғыс хаттарына ие болған.
Ұстаздың мектеп өміріндегі тағы бір қыры – қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы. Еңбек жолының алғашқы күнінен бастап кәсіподақ мүшесі болып, бүгінде ұжымдағы әріптестерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға атсалысып келеді. Кәсіподақ жұмысына жауапкершілікпен қарап, қоғамдық бастамаларға белсенді қатысады.
Әріптестері Ибрагим Бахиткерейұлын еңбекқорлығы, қарапайымдылығы, ашық мінезі және адамгершілігі үшін құрметтейді. Ұжымда өзара сыйластықты жоғары қойып, жас мамандарға тәжірибесімен бөлісіп, қажет кезінде қолдау көрсетіп отырады. Салауатты өмір салтын ұстануы мен спортқа деген қызығушылығы да оның ұстаздық болмысымен астасып жатыр.
Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні – оқушыға әскери білім берумен ғана шектелмейтін, оның бойына тәртіп, жинақылық, төзімділік, жауапкершілік және Отанға деген сүйіспеншілік қалыптастыратын маңызды бағыт. Осы міндетті абыроймен атқарып жүрген Ибрагим Бахиткерейұлы әр сабағында оқушының тек білім алуына емес, азамат ретінде қалыптасуына мән береді.
Сакауов Ибрагим Бахиткерейұлының 37 жылдық еңбек жолы – өз ісіне деген адалдығы мен ұстаздық жолдағы табанды еңбегінің нәтижесі. Шәкірт жетістігін өзінің еңбегінің жемісі деп білетін, ұжым арасында беделге ие болған ұстаздың өнегелі жолы жас мамандарға үлгі. Осы жолда жинаған тәжірибесі мен адамдық қасиетін шәкірт тәрбиесіне арнап, мектеп өміріне белсене араласқан Ибрагим Бахиткерейұлы еңбегімен елге сыйлы болған ұстаз.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-