АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА ШАХМАТ ПЕН ДОЙБЫДАН ЖАРЫС ӨТТІ
1 қазан – Халықаралық Қарттар күніне орай Ақтөбе облысы Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының ұйымдастыруымен білім саласының ардагерлері арасында шахмат пен дойбыдан спорттық жарыс өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне өлшеусіз үлес қосқан ардагер ұстаздарға құрмет көрсету, олардың белсенді өмір салтын қолдау және өзара ынтымақтастықты нығайту.
Жарыс барысында ардагерлер шахмат пен дойбыдан өзара бақ сынасып, шеберліктері мен тапқырлықтарын көрсетті. Қатысушылар үшін бұл сайыс спорттық бәсекемен қатар, әріптестермен жүздескен тағылымды кездесу болды.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Байғанин аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттары мен медальдары табысталды. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымы тарапынан жүлдегерлерге қаржылай сыйақылар беріліп, ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар ардагерлерді Халықаралық Қарттар күнімен құттықтап, ұзақ ғұмыр мен отбасыларына амандық тіледі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы