ЕҢБЕК ДАУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ШЕШУДІҢ ЗАҢДЫ ТЕТІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Еңбек дауы – кез келген еңбек ұжымында туындауы мүмкін маңызды мәселе. Мұндай жағдайда әр тараптың құқығы мен заңды мүддесі сақталуы – басты талап. Ал дауды ушықтырмай, заң аясында тиімді шешу үшін келісу комиссиясы мүшелерінің білімі мен тәжірибесі маңызды рөл атқарады. Сондықтан кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі – келісу комиссияларының мүшелерін еңбек заңнамасын дұрыс қолдануға үйретіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
2026 жылғы 30 қыркүйекте Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен облыстық кәсіподақ ұйымына қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының келісу комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті. Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінде ұйымдастырылған оқытуға келісу комиссиясының 60-тан астам мүшесі қатысты.
Семинардың негізгі тақырыбы – «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі».
Оқыту барысында еңбек дауларының туындау себептері, оларды қараудың заңнамалық тәртібі, келісу комиссиясының өкілеттіктері мен жұмыс алгоритмі жан-жақты түсіндірілді. Қатысушылар еңбек дауын қарау кезінде тараптардың құқықтары мен міндеттерін сақтау, мәселені заң талаптарына сәйкес реттеу және келісімге келудің тиімді жолдары жөнінде өзекті ақпарат алды. Теориялық біліммен қатар, келісу комиссияларының күнделікті жұмысында кездесетін практикалық мәселелерге де ерекше назар аударылды.
Семинар жұмысына Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева, құқықтық бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаева, Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ж.Шайдуллаұлы және облыстық кәсіподақ маманы Б.Абдураимов қатысты.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымы қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы келісу комиссиялары мүшелерінің құқықтық білімін жетілдіруге, еңбек дауларының алдын алуға және оларды заң шеңберінде шешу тетіктерін күшейтуге бағытталған оқыту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады.
-
Фотографии
-