ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚҰРМЕТ
Еңбек адамының мәртебесін көтеру және әр қызметкердің маңдай терін бағалау – кәсіподақ ұйымының басты ұстанымы. Еңбек күніне орай Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданы Абай атындағы орта мектепте салтанатты жиын өтіп, білім ошағының тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған кіші қызметкерлерге ерекше құрмет көрсетілді.
Мерекелік шарада мектеп директоры Л.Маткаримова мен мектептің кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Ахмадиева ұжымды құттықтап, мерекелік сый-сияпат табыстады.
Жиынның ең әсерлі сәті – білім саласында ұзақ жыл бойы адал әрі өнімді еңбек еткен кіші қызметкер Мархаба Биғалиевнаны құрметті зейнеткерлік демалысқа шығарып салу рәсімі болды. Шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Р.Закирьянова мен аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Демесинов арнайы қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Демесинов өз сөзінде: «Адал еңбегімен ұжымның ұйытқысына айналған, білім ошағының тазалығы мен тәртібін сақтауға зор үлес қосқан әрбір қызметкердің еңбегі біз үшін өте қымбат. Кәсіподақ ұйымы әрдайым еңбек адамының жанынан табылады», – деп атап өтті.
Шара барысында аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымы атынан ардақты ардагерге көпжылдық елеулі еңбегі мен саланың дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Аудандық кәсіподақ ұйымы Мархаба Биғалиқызына ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін шексіз алғыс білдіреді! Ардақты әріптесімізге бейнеттің зейнетін көріп, отбасының ортасында мағыналы да бақытты ғұмыр кешуді тілейміз.
Самар аудандық кәсіподақ ұйымы
Шығыс Қазақстан облысы