ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
Дүйсенбай Үміт Нұрадинқызы – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен ел қызметіне арнаған, еңбегімен елге сыйлы жан. Ол 1970 жылы қаңтар айында дүниеге келген. Жоғары білімді маман Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Үміт Дүйсенбайдың еңбек жолы 1989 жылы ұстаздық қызметтен басталды. Алғашқы еңбек жолын Ақтөбе облысыБайғанин ауданындағы Баршақұм орта мектебінде мұғалім болып бастап, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге бар күш-жігерін жұмсады. 1998 жылы Алға қаласындағы балалар мектеп-интернатында тәрбиеші болып қызмет атқарып, бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін одан әрі шыңдай түсті. Кейін №3 Алға қазақ орта мектебінде және №4 Алға орта мектебінде мұғалім болып, шәкірттерінің сапалы білім алуына үлес қосты.
Еңбек жолының келесі кезеңінде Үміт Дүйсенбай мемлекеттік қызмет саласында да абыройлы еңбек етті. 2007 жылдан бастап Алға ауданы әкімі аппаратының кеңсе бөлімінде жетекші маман міндетін атқарушы, кейін жетекші маман қызметтерін атқарды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының сақталуын бақылау бөлімінде бас маман болып жұмыс істеді. 2009-2021 жылдар аралығында Маржанбұлақ селолық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, кейін бас маманы қызметтерін атқарып, ауылдың қоғамдық өміріне, тұрғындармен жұмыс жүргізуге және мемлекеттік міндеттердің сапалы орындалуына өз үлесін қосты. 2021 жылдан бері «Айым» жеке балабақшасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Бүгінде ол мектепке дейінгі білім беру саласында еңбек етіп, бүлдіршіндердің тәрбиесі мен дамуына басшылық жасап, жас ұрпақтың болашағына өз үлесін қосуда.
Бір мамандықпен шектелмей, білім беру, тәрбие, мемлекеттік қызмет және мектепке дейінгі білім салаларында еңбек еткен Үміт Нұрадинқызының еңбек жолы ізденістің, жауапкершіліктің және елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
Ұстаздықты жүрек қалауымен таңдаған ол қай салада қызмет атқарса да, өз ісіне тиянақтылығымен, адамгершілігімен және еңбекқорлығымен ерекшеленді. Оның өмір жолы маңдай термен келген жетістіктің, адал еңбектің қадірін көрсететін өнегелі жол.
Еңбек адамы – елдің берекесін арттыратын, кейінгі ұрпаққа жол көрсететін тұлға. Үміт Нұрадинқызының сан жылдық еңбегі туған елге деген адалдығының, өз ісіне деген жауапкершілігінің және ел игілігі жолындағы табанды қызметінің жарқын үлгісі. Оның еңбек жолы маңдай термен келген жетістіктің, адал еңбектің және кейінгі ұрпаққа үлгі болар өнегелі өмірдің көрінісі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы