ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ ҰЛЫҚТАЛҒАН МЕРЕЙТОЙ
Сауран ауданындағы білім мен тәрбиенің алтын ордасы – «Құмтүйін» жалпы білім беретін мектебінің 50 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. Жарты ғасырлық тарих – талай буын ұстаздың маңдай тері мен еселі еңбегінің, мыңдаған шәкірттің балалық шағы мен үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамының шежіресі. Мерейтойлық салтанатты жиынға Сауран аудандық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Ж.Бекмұрзаев қатысып, білім ордасының ұжымын айтулы белесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Мерейтой барысында мектептің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ардагер ұстаздардың еңбегі дәріптеліп, олардың есімдері ерекше құрметпен аталды. Ұрпақтар сабақтастығын жалғау мақсатында тарих кабинеті Мария Мырзахметованың , ал бастауыш сынып кабинеті Түймекүл Исатаеваның есімімен аталатын болды. Бұл – ұстаз еңбегін ұлықтап, өткенге тағзым жасаудың, жас ұрпаққа өнеге көрсетудің жарқын үлгісі.
Салтанатты жиында Ж.Бекмұрзаев бірқатар ұстаздарды марапаттап, олардың білім саласына қосқан еңбегіне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымына қаржылай сыйлық табыстап, ұстаздар қауымына қолдау көрсетті. Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымы атынан «Құмтүйін» мектебінің ұжымын 50 жылдық мерейтойымен құттықтап, білім ордасының мерейі үстем, абыройы асқақ болып, ұстаздар еңбегі еленіп, шәкірттер жетістігі еселене беруіне тілектестік білдіреміз!
Түркістан облыстық ұйымының
Сауран аудандық филиалы