ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Мұғалімдер күні қарсаңында Ұлытауда «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты тағылымды кездесу өтті.
Жылы жүздесуге 30-ға жуық ардагер ұстаз бен 20-ға жуық жас педагог қатысып, бір дастарқан басында ұрпақтар сабақтастығын жалғады.
Кездесу барысында ұстаздық жолдың жауапкершілігі мен қадір-қасиеті, шәкірт тәрбиесі, мамандыққа адалдық және педагогтің қоғамдағы орны туралы мазмұнды әңгіме өрбіді.
Ардагер ұстаздар еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісіп, жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибесі мен өмірлік тағылымын жас мамандарға жеткізді. Ал жас педагогтер үшін бұл кездесу – аға буынның өнегесін тыңдап, ұстаздық мамандықтың қыр-сырын тануға мүмкіндік берген ерекше басқосу болды.
«Қалдырған ізің мәңгілік…» атты кездесудің басты мақсаты – саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнаған ардагер ұстаздарға құрмет көрсету, олардың еңбегін дәріптеу және кәсіби сабақтастықты нығайту.
Кездесу соңында ардагер ұстаздарға Ұлытау облысының білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Алғыс хаттары табысталды.
Ұлытау облыстық ұйымы