ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АЯСЫН КЕҢЕЙТКЕН КЕЗДЕСУ
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту және кәсіподақтар арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында 5–9 қазан күндері Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Бас кәсіподағының делегациясы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапар бағдарламасы аясында қытай делегациясы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жанындағы Конфуций институтына барып, оның білім беру бағыттары мен тілдік бағдарламаларымен танысты. Кездесуге Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының өкілдері, «Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің қызметкерлері және университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымының өкілдері қатысты.
Жүздесу алдымен университеттің тыныс-тіршілігімен танысудан басталды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Бастауыш кәсіподақ ұйымы делегацияға оқу орнының тарихы, білім беру үдерісі мен бүгінгі тынысы туралы айтты. Одан кейін қонақтар Конфуций институтының өкілдерімен жүздесті. Институт мамандары оның қалыптасу тарихы, негізгі қызмет бағыттары және білім алушыларға ұсынылатын мүмкіндіктер жөнінде кеңінен мәлімет берді. Әсіресе, қытай тілін үйретуге арналған оқу бағдарламалары мен мәдени-ағартушылық жобаларға назар аударылды.
Басқосу барысында Конфуций институтының жұмысы тек тіл үйретумен шектелмейтіні де сөз болды. Мұнда Қытайдың тарихы мен мәдениетін танытуға, халықтар арасындағы өзара түсіністікті арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі. Делегация мүшелері институттың оқу аудиторияларын аралап, білім алушыларға арналған оқу құралдарымен және тіл үйренуге қажетті заманауи мүмкіндіктермен танысты.
Қытай делегациясының университетке сапары мазмұнды әңгіме мен пікір алмасуға ұласты.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-