БІЛІМНІҢ БАҒБАНЫ, ҰЖЫМНЫҢ ШАМШЫРАҒЫ
Асанова Гүлмира Сырымқызы - Ақтау қаласындағы № 17 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары. Гүлмира Сырымқызы – білім беру саласында өзіндік қолтаңбасы бар, мектеп ұжымы мен оқушылар арасында зор құрметке ие білікті педагог, шебер ұйымдастырушы, жалпы педагогикалық еңбек өтілі – 28 жыл.
Ол «педагог-сарапшы» біліктілік санаты бар тәжірибелі маман ретінде ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дарытуда қажырлы еңбек етіп келеді.
Қазіргі таңда 6 және 11 қазақ сыныптарына сабақ беріп, оқушыларды терең білімге баулуда. Оның әрбір сабағы оқушылардың тілге деген сүйіспеншілігін арттырып, шығармашылық жұмысқа деген ынтасын оятады. Ол сабақ беруде заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолданып, оқушылардың тілдік нормаларды меңгеруіне, ойын еркін әрі сауатты жеткізуіне ерекше көңіл бөледі.
Сондай-ақ, Гүлмира Сырымқызы 9 жылдан бері директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келеді және 2-санатты басшы орынбасары біліктілігіне ие. Бұл қызметте ол өзін іскер, жауапкершілігі жоғары, стратегиялық ойлай білетін басшы ретінде көрсетіп келеді.
Мектептегі әдістемелік жұмыстар мен оқу-тәрбие процесін жүйелеуде, педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыруда және жаңашыл бастамаларды енгізуде оның ұйымдастырушылық қабілеті айқын көрінеді. Мұғалімдерге әдістемелік бағыт-бағдар беріп, жас мамандарға ұстаздық жолда үнемі демеу болып келеді.
Ұжымда қарапайымдылығымен, мәдениеттілігімен және әрбір іске деген адалдығымен ерекшеленетін Гүлмира Сырымқызы – шынайы ұстаздың әрі білікті басшының жарқын үлгісі.
Маңғыстау облысы, Ақтау қалалық филиалы