ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТЕРДІҢ ІІ ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ
Жамбыл облысындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында Қазақстан кәсіподақтары күні мен Мұғалімдер күніне арналған «Әлеуметтік әріптестік: ортақ мүдде, ортақ жауапкершілік» атты білім саласындағы әлеуметтік әріптестердің ІІ облыстық форумы өтті. Мазмұнды басқосуға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, жергілікті кәсіподақ ұйымы, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, білім беру ұйымдарының жетекшілері, педагогтер, кәсіподақ белсенділері, әлеуметтік әріптестер мен сала ардагерлері қатысты.
Форумның басты мақсаты – білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестіктің маңызын айқындау, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту, еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы бірлескен жұмысты дәріптеу болды.
Форумның салтанатты бөлігінде Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Атенов пен Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков әлеуметтік әріптестікті дамытуға және кәсіподақ қозғалысын нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Атап айтқанда, «Үздік әлеуметтік әріптес» номинациясымен Талас ауданы білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов пен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Әділ Смағұлов марапатталды.
Іс-шара барысында бұдан бөлек Жамбыл облыстық ведомствоаралық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясының, Тараз қаласындағы №17 балабақшаның, Қордай ауданы №7 «Бетқайнар» колледжінің, Жамбыл ауданы Мұқан Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің, Шу ауданы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің әлеуметтік әріптестік бағытындағы жұмыстары жоғары бағаланып, «Үздік әлеуметтік әріптес» номинациясымен марапатталды.
Форумның тағы бір маңызды әрі тағылымды бөлігі – жаңадан құрылған білім беру ұйымдарын кәсіподақ қатарына салтанатты түрде қабылдау рәсімі болды. Кәсіподақ қатарына Қордай ауданы білім бөлімінің №53 орта мектебі мен Байзақ ауданындағы «Мед Инкар» жеке меншік балабақшасы қабылданды. Мектеп басшысы мен бастауыш кәсіподақ жетекшілеріне кәсіподақ билеті мен арнайы сыйлық табысталды.
Форумда кәсіподақ қозғалысына ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткен ардагерлерге де ерекше құрмет көрсетілді. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» Айрықша және Күміс төсбелгілері, «Кәсіподақ ардагері», «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Жергілікті кәсіподақтың бірлескен Құрмет грамоталары, салалық кәсіподақтың және «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің және «Әділет» партиясының Құрмет грамоталары табысталды.
Форум қатысушыларының пікірінше, әлеуметтік әріптестік – бір күнде қалыптасатын байланыс емес. Оның негізінде жылдар бойы жинақталған тәжірибе, өзара құрмет, сенім және ортақ іске деген адалдық жатыр. Ал бұл құндылықтар еңбек ұжымдарындағы тұрақтылық пен берекелі жұмыстың негізін қалайды. Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жамбыл облыстық ұйымы