ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Ұстаз – шәкірт жүрегіне білімнің шырағын жағып, адамдық пен адалдықтың жолын көрсететін ұлы тұлға. Ұстаз еңбегі – бір күннің емес, тұтас ұрпақтың болашағына әсер ететін жауапты әрі қадірлі еңбек. 7 қазан күні Кентау қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында ұстаздар күніне арналған «Жүректе – мейірім, қолда – білім» атты салтанатты шара өтті.
Тағылымды жиынға қала әкімі Ж.Тасов, қалалық мәслихат төрағасы Қ.Елеусізов, «Әділет» партиясы Кентау қалалық филиалының хатшысы А.Басаров, Кентау қаласы білім бөлімінің басшысы Ә.Әуелбеков, зиялы қауым өкілдері, білім саласының ардагерлері мен педагогтар, сондай-ақ Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы М.Таукеева қатысты. Салтанатты жиында ұстаздардың қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша рөліне ерекше мән беріліп, еңбегімен дараланған педагогтерге құрмет көрсетілді.
Кәсіподақ үшін ұстаз еңбегін бағалау – марапаттаумен ғана шектелмейтін, оның кәсіби жетістігін қолдау мен әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды міндет. Осы ұстаныммен Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы М.Таукеева ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы атынан «Ең үздік ауыл мектебі» республикалық номинациясында І орын иеленіп, еліміздің үздік 100 мектебінің қатарына енген Қарнақ ауылындағы Махмуд Қашқари атындағы мектеп-лицейінің бастауыш кәсіподақ ұйымына 500 000 теңгелік сертификат табыстады. Бұл – педагогтар еңбегіне көрсетілген нақты қолдаудың айқын көрінісі.
Сонымен қатар ауыл олимпиадасының республикалық кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен шәкірттерді дайындаған А.Асаев, Б.Құрбанов, А.Арзуметов, Ш.Маматраимова және Ф.Бабахановаға Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Құрмет грамотасы» және 100 пайыздық жеңілдікпен шипажайға жолдамалар табысталды. Сондай-ақ ерекше еңбегі үшін «Кентау оқушылар үйі» директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Мұсан «Құрмет грамотасымен», ал «Шаш-төбе» жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі С.Тажидинов Түркістан облысы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін төсбелгімен марапатталды.
Ұстаз еңбегін ұлықтау – ел болашағына қызмет етуді бағалау. Кентау қалалық кәсіподақ комитеті білім саласы қызметкерлерінің кәсіби жетістіктерін әрдайым қолдап, олардың еңбегінің лайықты бағалануына өз үлесін қоса береді. Ұстазға көрсетілген құрмет – шәкіртке, мектепке және тұтас қоғамның болашағына көрсетілген құрмет. Барша педагогтарға мықты денсаулық, шығармашылық серпін, абыройлы еңбек және шәкірттерінің биік жетістіктеріне куә болуды тілейміз!
Түркістан облыстық ұйымы
-
Фотографии
-