КӘСІПОДАҚТАР КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар күніне орай Ақтөбе облысы Шалқар ауданында «Кәсіподақ – тұрақты қолдаушы» тақырыбында мерекелік шара ұйымдастырылды.
Мерекелік басқосудың басты мақсаты – кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы рөлін дәріптеу, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбегін бағалау, сондай-ақ кәсіподақ мүшелері арасындағы ынтымақтастық пен бірлікті нығайту.
Шара барысында білім беру ұйымдарының дамуына өзіндік үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, кәсіподақ қозғалысының өркендеуіне атсалысып жүрген бірқатар кәсіподақ мүшелеріне аудандық білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бірлескен Алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, белсенді мүшелерге Түркістан қаласына тарихи-танымдық саяхатқа сертификаттар берілді. Бұл – олардың еселі еңбегі мен қоғамдық белсенділігіне көрсетілген құрметтің белгісі. Сондай-ақ білім беру саласында жемісті еңбек етіп, ұжымдағы қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғауға, кәсіподақ бірлігін нығайтуға және мұғалім мәртебесін арттыруға зор үлес қосып келе жатқан бірқатар бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді.
Мерекелік шара барысында кәсіподақ мүшелерінің білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігіне жоғары баға беріліп, олардың еңбегіне құрмет көрсетілді.
Еңбек адамының құқығын қорғап, мәртебесін көтеруді мақсат еткен кәсіподақ қозғалысы алдағы уақытта да өз мүшелеріне тұрақты қолдау көрсетіп, игі істердің жаршысы бола бермек…
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-