КӨШБАСШЫЛЫҚТЫҢ КЕМЕЛ КЕЛБЕТІ
Еңбек адамының құқығын қорғау, әріптестердің мүддесін қолдау және ұжымның бірлігін нығайту – кәсіподақ қызметінің басты міндеттері. Бұл жауапты істі абыроймен атқарып жүрген жандардың бірі – Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Бөгетсай мектеп-гимназиясы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Маханалина Бағдагүл Разақбергенқызы.
1995 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол жылдан бері Бөгетсай мектеп-гимназиясында үздіксіз еңбек етіп, отыз жылдан астам уақытын шәкірт тәрбиелеуге арнап келеді.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз 2022 жылы «Әлеуметтік педагогика және тьюторлық» бағыты бойынша жоғары білім алып, 2025 жылы педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленді. Оның кәсіби шеберлігі республикалық және облыстық байқауларда жоғары бағаланып, шәкірттері де білім додаларында жетістіктерге жетіп жүр.
2023 жылдан бері кәсіподақ ұйымында төраға болып келе жатқан Бағдагүл Маханалина әріптестерінің әлеуметтік және еңбек мәселелеріне көңіл бөліп, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, ұжымдағы ынтымақ пен өзара қолдауды нығайтуға үлес қосып келеді. Ұстаздық тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті оған жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқаруға негіз болып отыр.
Алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Бағдагүл Маханалина үшін еңбекке адалдық пен жауапкершілік – өмірлік ұстаным. Ол ұстаздық қызметі арқылы шәкірттеріне білім мен тәрбие берсе, кәсіподақ жұмысы арқылы әріптестеріне қолдау көрсетіп, еңбек адамына деген құрметтің үлгісін танытып келеді. Ол үшін кәсіподақ жұмысы – жай ғана қоғамдық міндет емес, әріптестерінің жанынан табылып, олардың мәселесіне бейжай қарамау, ортақ іске бірге атсалысу.
Бағдагүл Маханалинаның еңбек жолы бір мектептің тарихымен біте қайнасқан. Осы білім ордасында жас маманнан тәжірибелі ұстазға дейін қалыптасып, бүгінде әріптестерінің де сеніміне ие болып отыр. Оның еңбегінің мәні – жылдар бойы атқарған қызметінде ғана емес, шәкірттері мен әріптестерінің өмірінде қалдырған ізінде...
10 қазан – Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күніне орай Бағдагүл Разақбергенқызына еңбегіне табыс, отбасына амандық, деніне саулық және әріптестерінің игілігі жолындағы жауапты қызметіне толағай жетістіктер тілейміз!
Ақтөбе облыстық кәсіподағы