КӘСІБИ МЕРЕКЕДЕ ЖАС КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы М. Дәуленов атындағы мектеп-интернатының акт залында «Кәсіподақтар күніне» орай жас кәсіподақ мүшелерінің аудандық жиыны өтті.
Шараға арнайы қатысып, ізгі тілектерін білдірген құрметті қонақтар: С.Абдығалиева — Зайсан аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы, еңбек ардагері; Е.Зағыпаров — Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы; Р.Тұрабаева — Қазақстан Республикасының білім саласының үздігі, «Сарытерек орта мектебі» КММ директоры; З.Рақымбаев — ардагер ұстаз; Б. Балғабаев — «Әділет» партиясы Зайсан аудандық филиалының төрағасы.
Жиын барысында Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы тарапынан салада белсенділік танытып, еңбекте үздік көрінген бірқатар кәсіподақ мүшелері мен сала ардагерлеріне Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар салтанатты түрде табысталды.
Шараның ең маңызды сәттерінің бірі — білім беру саласына алғаш қадам басқан жас педагогтарға құрмет көрсету болды. Еңбек жолын жаңадан бастаған мамандарға кәсіподақ мүшелігінің билеттері салтанатты түрде беріліп, олардың кәсіби ұйым қатарына қабылдануы ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында аудандық кәсіподақ ұйымының жастар қанаты ретінде 7 мүшеден тұратын Жастар кеңесі сайланды. Жаңадан құрылған Кеңес алдағы уақытта жас мамандардың бастамаларына қолдау білдіріп, белсенді жұмыс жүргізеді.
Мерекелік жиын жастарға серпін сыйлап, ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған айтулы оқиғаға айналды.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-