ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛЫ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің директоры Ералы Нұрғалиевтің зейнеткерлік демалысқа шығуына орай тағылымды шара өтті. Басқосуға оның шәкірттері, әріптестері, замандастары, білім және ғылым саласының өкілдері мен кәсіподақ ұйымының өкілдері қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
Шара барысында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бас маманы Нұрлан Жетпісбай ұйым төрағасының құттықтауын жеткізіп, кәсіподақ атынан шипажайға жолдама табыс етті.
Ералы Ғұбайұлы Нұрғалиевтің еңбек жолы – білім беру саласына, жастар тәрбиесіне және өңірдің дамуына арналған ұзақ жылдардың шежіресі. Еңбек жолын 1980 жылы «Актюбсельмаш» зауытында токарь болып бастаған ол 1981–1983 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеді. 1990 жылы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында комсомол комитетінің хатшысы әрі «Жалпы тарих» кафедрасының оқытушысы болып еңбек етті. 1992 жылы Ақтөбе облысының Жастар ісі жөніндегі комитетінің алғашқы төрағасы болып тағайындалды. Кейін облыстық жастар, туризм және спорт басқармасында, жоғары оқу орындарында, мектептерде, сондай-ақ қалалық спорт, ішкі саясат және білім бөлімдерінде басшылық қызметтер атқарды. 2012–2022 жылдары Ақтөбе гуманитарлық колледжін басқарды. Ал 2022 жылдың ақпан айынан бастап Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің директоры қызметін атқарды.
Ералы Нұрғалиевтің басшылығымен колледждің материалдық-техникалық базасы нығайып, білім беру үдерісіне заманауи технологиялар енгізілді. Дуальды оқыту жүйесі дамып, робототехника мен мехатроника бағыттары бойынша жаңа мамандықтар ашылды. Студенттер WorldSkills кәсіби шеберлік чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болып, колледждің өңірлік және республикалық деңгейдегі жетістіктеріне үлес қосып келеді.
Зейнеткерлік демалысқа шығарып салу рәсімінде әріптестері мен шәкірттері оның көпжылдық еңбегіне алғыс білдіріп, зор денсаулық, отбасына амандық тіледі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-