АРДАГЕР ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Қарттар күніне орай Қызылорда облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Қазыналы ғұмыр – сарқылмас береке!» атты ардагер ұстаздарды ұлықтауға арналған салтанатты шара өтті.
Жиынға Сыр елінің білім саласына елеулі үлес қосқан ардагерлер қатысып, олардың ұстаздық жолы мен ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі еңбектері дәріптелді.
Облыстық білім басқармасының басшысы А.Есжанов ардагерлерді мерекемен құттықтап, білім саласының дамуына қосқан үлестерін атап өтті. Кәсіподақ ұйымының атынан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Г.Есқалиева ақжарма тілегін білдірді.
Шара барысында мерейлі жасқа толған ардагерлер және
білім беру ұйымдарында ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарып, бүгінде құрметті еңбек демалысына шыққан ардагер басшылар марапатталып, сондай-ақ білім саласы мен кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосқан бірқатар ұстаздар Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығының «Адал еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
Ардагер ұстаздарға көрсетілген құрмет – ел болашағына жол сілтеген тағылымды еңбектеріңізге деген шынайы алғыстың белгісі. Сіздердің ғибратты ғұмырларыңыз бен ұстаздық жолдарыңыз – кейінгі ұрпаққа өнеге, ал еселі еңбектеріңіз – ел тарихындағы өшпес із.
Барша ардагер ұстаздарға зор денсаулық, баянды ғұмыр, отбасыларына амандық пен береке тілейміз! Әрдайым елдің ықыласы мен ұрпақтың алғысына бөленіп, абырой биігінен көріне беріңіздер. Қазыналы ғұмырларыңыз қуанышқа, жүректеріңіз шаттыққа, шаңырақтарыңыз берекеге толсын!
Қызылорда облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-