ҰСТАЗДАР АРАСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДА
Түркістан қаласында білім беру саласы қызметкерлері арасындағы облыстық спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Түркістан облысы білім басқармасы мен облыстық білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған спорттық дода педагогтарды ортақ мақсатқа біріктіріп, ұстаздардың спортқа деген қызығушылығы мен белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Спартакиада спорттың 6 түрі бойынша өткізіліп, қатысушыларға өз шеберліктерін шыңдап, командалық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді.
Спорт алаңы – мінез сыналатын, жігер шыңдалатын, бірлік бекемделетін орта. Күнделікті білім мен тәрбиені қатар алып жүрген ұстаздар бұл жолы спорттық сайыстарда бақ сынап, ептілік пен төзімділіктің, шапшаңдық пен табандылықтың үлгісін көрсетеді. Мұндай жарыстар салауатты өмір салтын дәріптеумен қатар, әріптестер арасындағы сыйластықты арттырып, ұжымдық рухты нығайтады.
Салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ж.Шайдуллаұлы қатысушыларға ақжарма тілегін жеткізіп, спортшыларға сәттілік пен жарқын жеңістер тіледі. Ол жарысқа қатысушылардың барлығына сәтті өнер көрсетіп, өз командаларының абыройын асқақтатуға тілектестік білдірді. Спорттағы әрбір жетістік – табандылықтың, дайындықтың және командалық бірліктің нәтижесі.
Облыстық кәсіподақ ұйымы еңбек адамдарының мүддесін қорғаумен қатар, олардың белсенді өмір салтын ұстануына, денсаулығын нығайтуына және қоғамдық өмірге араласуына ерекше мән береді. Осы тұрғыдан алғанда, облыстық спартакиада – ұстаздардың басын қосатын спорттық жарыс қана емес, кәсіби ынтымақтастықты дамытып, кәсіподақ мүшелері арасындағы өзара қолдау мен сенімді арттыратын маңызды алаң.
Алдағы сайыстарда әр командаға сәттілік, әр қатысушыға қайрат пен жігер, әділ бәсеке мен лайықты жеңіс тілейміз! Ұстаздарымыздың спорттағы белсенділігі артып, әрбір жарыс жаңа жетістіктерге жол ашсын. Бір мақсат, бір команда, ортақ жеңіс!
Түркістан облыстық ұйымы
-
Фотографии
-