БІЛІКТІ ПЕДАГОГ
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы «Шемонаиха ауданы бойынша білім беру бөлімінің «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №5 жалпы білім беретін орта мектеп-бөбекжай-балабақша кешені» КММ-де білікті педагог, өз ісінің нағыз шебері Арайлым Әнуарбекқызы Алтыспаева жемісті еңбек етіп келеді.
Арайлым Әнуарбекқызы – тарих және құқық пәндерінің мұғалімі, педагог-сарапшы. Ол аталған білім шаңырағында 19 жыл бойы үздіксіз қызмет етіп, өзін ізденімпаз, жаңашыл әрі өз ісіне адал ұстаз ретінде танытты. Терең білімі мен жоғары жауапкершілігінің арқасында оқушылардың бойында отансүйгіштік, азаматтық жауапкершілік және ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастырып келеді.
Заманауи білім беру технологияларын тиімді меңгерген педагог оқушылардың функционалдық сауаттылығын, сыни ойлауын және зерттеушілік қабілеттерін дамытуды басты назарда ұстайды. Арайлым Әнуарбекқызы мектептің әдістемелік жұмысына белсене араласып, аудандық, облыстық деңгейдегі семинарлар мен шебер-сыныптарда өз тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Кәсіби жетістіктері: Облыстық «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес» семинарына және «Мультимедиялық презентациялар» шебер-сыныбына қатысты; Халықаралық «Өрлеу-өркендеу» журналының байқауында І дәрежелі диплом алып, «Үздік педагог» атанды; «Мен солай істеймін» ХI аудандық әдістемелік байқауының жеңімпазы; «Жаңашыл педагог мінбері» республикалық журналына тәжірибесі жарияланып, Алғыс хатпен марапатталды.
Арайлым Ануарбекқызының жетекшілігімен оқушылар тарих пәніне жоғары қызығушылық танытып, елеулі нәтижелерге қол жеткізуде. Олар аудандық пәндік олимпиадаларда 1, 2-жүлделі орындарды иеленіп, «Тарих ата», «Тұлпар» сияқты облыстық және республикалық зияткерлік сайыстардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары атанды.
Арайлым Әнуарбекқызы тек білікті педагог қана емес, мектептің қоғамдық өмірін жандандырып отырған белсенді ұйымдастырушы. Кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде ұжым мүшелерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғап, мектепте қолайлы әрі ынтымақты жұмыс ортасын қалыптастыруға зор үлес қосуда. Мәдени-көпшілік және қайырымдылық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, жас мамандарға әрдайым бағыт-бағдар береді.
Көпжылдық адал еңбегі мен білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Арайлым Әнуарбекқызы бірнеше рет жоғары деңгейде бағаланды: Мектеп және аудандық білім бөлімі басшысының марапаттары; Шемонаиха ауданы әкімінің марапаты; Облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталары; Аудандық «Самрұқ» конкурсына оқушыларды сапалы дайындағаны үшін Алғыс хат.
Педагогикалық кредосы: «Тарихты құрметтеу – өткенді тану, бүгінді бағалау және болашаққа сеніммен қадам басу».
Арайлым Әнуарбекқызы сияқты өз ісіне берілген, жаңашыл әрі жүрегі патриотизмге толы ұстаздар – еліміздің жарқын болашағы мен сапалы білім беру жүйесінің берік діңгегі!
Шығыс Қазақстан облысы
Шемонаиха аудандық кәсіподақ ұйымы