ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай Ақтөбе автожол колледжінің еңбек ұжымымен кездесіп, еңбек заңнамасының өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында қызметкерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан құқықтық кеңес алды. Әсіресе, еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету, жұмыс беруші мен жұмыскердің жауапкершілігі, еңбекақыны есептеу және төлеу тәртібі мәселелеріне басымдық берілді.
Басқосу аясында келісу комиссиясының мүшелеріне арналған арнайы семинар ұйымдастырылды. «Еңбек даулары, олардың туындау себептері және келісу комиссиясында қарау тәртібі. Ұжымдық шарт. Еңбек қауіпсіздігі – басты мүдде» тақырыбындағы оқыту барысында еңбек дауларының алдын алу, келіспеушіліктерді заң аясында шешу және тараптардың өзара келісімге келу тетіктері кеңінен қарастырылды.
Кәсіподақ заңгерлері келісу комиссиясының қызметіне тоқталып, оның еңбек қатынастарындағы дауларды реттеудегі маңызын түсіндірді. Сонымен қатар комиссия отырыстарын ұйымдастыру, өтініштерді қарау тәртібі және еңбек заңнамасы талаптарының сақталуы жөнінде практикалық түсініктемелер берілді.
Семинардың тағы бір маңызды бөлігі ұжымдық шарттың рөліне арналды. Қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғаудағы бұл құжаттың маңызы айтылып, оның талаптарын орындау, еңбек жүктемесіне сәйкес еңбекақы есептеу, қосымша төлемдер мен жәрдемақыларды төлеу мәселелері талданды. Қатысушылар еңбек тәжірибесінде кездесетін нақты жағдайларды ортаға салып, оларды құқықтық тұрғыдан шешу жолдарын талқылады.
Іс-шараның қорытынды кезеңінде кәсіподақ өкілдері қоғамдық бақылау жүргізді. Оның аясында ішкі құжаттар зерделеніп, еңбек және ұжымдық шарттардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігіне назар аударылды.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-