ЖЕҢІСКЕ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН ҰСТАЗ
«Дені сау ұрпақ – ел болашағы. Ал, денсаулықты нығайтып, спортқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру – ұстаздың маңызды міндеттерінің бірі». Осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы №2 Бадамша орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Қазмағамбетов Әділжан Қадыржанұлы – өз ісіне адал, еңбегімен елге үлгі болып жүрген білікті маман.
Ол 1968 жылы 18 мамырда Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Бородиновка ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде білім алған. 1999 жылдан бері №2 Бадамша орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. 37 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз – педагог-сарапшы.
Әділжан Қазмағамбетов әр оқушының жас ерекшелігі мен денсаулық жағдайын ескеріп, спорттық жаттығуларды сауатты таңдайды. Ұстаз үшін дене шынықтыру сабағы тек қимыл-қозғалыс емес, баланың бойына тәртіп, төзімділік, жауапкершілік пен командалық рух қалыптастыратын маңызды тәрбие алаңы.
Ол мектептің спорттық өміріне белсене араласып, шәкірттерін түрлі жарыстарға дайындап келеді. 2025–2026 жылдары мектеп лигасының шахмат жарыстарында оқушылары бірнеше рет жүлделі орындарға ие болып, І орындарды жеңіп алды.
Ұстаздың өзі де спорттан қалыс қалмай, аудандық және облыстық жарыстарда нәтижелі өнер көрсетіп жүр. 2024 жылы облыстық ардагерлер спартакиадасында үстел теннисінен ІІІ орын, мұғалімдер арасындағы аудандық волейбол жарысында ІІІ орын иеленді. 2024 және 2025 жылдары аудандық шаңғы жарысында І орын, 2026 жылы тоғызқұмалақтан мектеп кубогында І орын алды.
Кәсіби еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Облыстық және аудандық деңгейде Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бұл жетістіктер – ұстаздың өз мамандығына деген жауапкершілігі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Қазмағамбетов Әділжан Қадыржанұлы спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, жас ұрпақтың дені сау, жігерлі әрі намысты болып қалыптасуына үлес қосып келе жатқан нағыз еңбек адамы.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-