36 ЕСЕПШІНІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАҒАН ТАБАНДЫ КҮРЕС
«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқаны аясында еңбек адамдарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстар кеңінен насихатталуда. Жамбыл облысы Байзақ ауданының білім бөлімінде қызмет атқаратын есепші мамандар үшін де осындай күрделі жағдай туындады. Оқиға 2023 жылы облыстық білім басқармасына қарасты мемлекеттік білім беру мекемелері мен білім бөлімдерінде жүргізілген қаржылық бақылау тексерулерінен басталды.
Тексеру барысында жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы әлеуметтік әріптестік негізінде жасалған ұжымдық шарттардың талаптарына қатысты дау туындады. Аталған ұжымдық шарттарда көзделген қосымша ақылар мен қосымша жұмыстарға төленген қаражат бақылаушы органдар тарапынан негізсіз деп танылып, бюджетке қайтару туралы нұсқамалар берілді.
2024 жылғы 26 қаңтарда «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама ұсынылды. Нұсқамаға сәйкес, Байзақ ауданы білім бөлімінің орталықтандырылған есеп бөлімінің есепшілері мен мамандарына қызмет көрсету аймағын кеңейткені үшін төленген 77 миллион 845 мың теңге көлеміндегі қосымша ақы негізсіз деп танылып, мемлекеттік бюджетке қайтару талап етілді.
Осындай жауапты сәтте есепші мамандар Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Байзақ аудандық комитетіне жүгінді. Кәсіподақ комитеті олардың өтінішіне қолдау білдіріп, құқықтарын қорғау үшін қажетті жұмыстарды қолға алды.
Екі жылға созылған сот процесінде кәсіподақ өкілдері есепші мамандардың мүддесін қорғап, кәсіби заң көмегін көрсетті. Мәселенің әрбір қыры зерделеніп, қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. Ұзаққа созылған сот талқылауының нәтижесінде 2025 жылы есепші мамандардың пайдасына шешім қабылданып, бұрын төленген қаражатты кері қайтару міндетінен босатылды. Нәтижесінде Байзақ ауданының білім бөліміндегі 36 есепші маманның құқығы қорғалды.
Бұл оқиға кәсіподақтың қиындыққа тап болған өз мүшелерінің жанынан табылып, өз құқықтарын қорғауда бірліктің, құқықтық сауаттылықтың және кәсіби қолдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Байзақ ауданының білім бөлімінің есепші мамандары кәсіподақ ұйымына көрсеткен қолдауы мен құқықтарын қорғауға қосқан үлесі үшін шынайы алғыстарын білдіреді.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы білім бөлімінің есепшілері