БАСТЫ НАЗАРДА – ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ!
Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Ақтөбе облысы Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Гүлсайра Құлекенова Ақтоғай жалпы орта білім беретін мектебінде, Алабас негізгі орта мектебінде, Сарысай мектеп-бөбекжай-бақшасында, «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасында және «Балбала» бөбекжай-бақшасында болып, еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жұмыстарының ұйымдастырылуына қоғамдық бақылау жүргізді.
Кездесулер барысында еңбек заңнамасын қолдану тәртібі, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік кеңестер берілді.
Бұдан бөлек, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысы, ұжымдық шарт талаптарының орындалуы және еңбек шарттарын дұрыс рәсімдеу мәселелеріне назар аударылды. Қызметкерлермен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, оларды толғандырған сауалдарға жауаптар беріліп, алдағы жұмыстарды жетілдіруге бағытталған ұсыныстар айтылды.
Аталған кездесулер еңбек қатынастарындағы заңдылықты нығайтуға, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға және әрбір қызметкердің қауіпсіз еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-