ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, шәкірттерінің биік белестерді бағындыруына жол ашатын мұғалімнің еңбегі қашанда құрметке лайық. Осындай абыройлы жолды өмірлік мұратына айналдырған ұлағатты ұстаздың бірі – Шаншарова Сайра Әміржанқызы.
Сайра Шаншарова 1965 жылы 4 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. Тұмалыкөл сегізжылдық мектебін тәмамдаған соң, 1980 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесінде «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын меңгерді. Еңбек жолын 1984–1985 оқу жылында Ырғыз селолық сегізжылдық мектебінде бастап, 1985 жылдан бері Шалқар қаласындағы №1 қазақ орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып келеді.
Ұстаздық жолында оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыруға, ойлау қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлді. Оның педагогикалық ізденісінің негізгі бағыттарының бірі – «Бастауыш сыныпта сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану арқылы оқушы белсенділігін арттыру» тақырыбы болды. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың БИЛ, Назарбаев зияткерлік мектептері мен дарынды балаларға арналған білім ордаларында оқуына ықпал етті. Шәкірттерінің бірі Әділетбек Әскербеков 2021 жылы ҰБТ-дан 139 балл жинап, Қазақстан-Британ техникалық университетін тәмамдады.
Сайра Шаншарова білім беру саласындағы жаңашылдықтарды меңгеріп, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырды. 2006–2010 жылдары 12 жылдық білім беру эксперименті аясында сабақ беріп, 2015 жылы педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсынан өтті. 2018 жылы «педагог-зерттеуші» біліктілік санатына ие болды.
Ұстаздың көп жылғы адал еңбегі жоғары бағаланды. Ол 2014 жылы Ақтөбе облыстық білім басқармасының, 2019 жылы Білім және ғылым министрлігінің, 2024 жылы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ал, 2026 жылы Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен «Ыбырай Алтынсарин» медаліне ие болды.
Сайра Шаншарова – кәсіби шеберлігімен, еңбекқорлығымен және шәкірттеріне деген жанашырлығымен әріптестеріне үлгі болған ұстаз. Отбасында аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже. Жары, екі баласы мен бес немересі – өмірінің қуанышы мен мақтанышы.
Ұстаз еңбегінің ең үлкен жемісі – шәкірт жетістігі. Шаншарова Сайра Әміржанқызының ұстаздық жолы – талай шәкірттің білімге қанат қағуына себеп болып, олардың өмірден өз орнын табуына бағыт берген тағылымды жол.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-