ҰСТАЗДЫҚ ҰСТАНЫМЫ – САПАЛЫ БІЛІМ
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, ұрпақ тәрбиесі мен білім беру жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздардың қоғамдағы орны ерекше. Әсіресе, жаңашылдыққа ұмтылып, ізденісті серік еткен жас мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Солардың бірі өз ісіне адал, білім мен тәрбиені ұштастыра білген білікті ұстаз – Бекенова Ботакөз Исенбайқызы.
Ботакөз Бекенова 1989 жылы 16 мамырда Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. 2004 жылы мектепті үздік аттестатпен тәмамдап, кейін Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжін үздік дипломмен аяқтады. Одан кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен С.Бәйішев атындағы университетте жоғары білім алып, ұстаздық жолға нық қадам басты.
Еңбек жолын Қызылту негізгі мектебінде бастаған жас маман бүгінде №8 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. «Педагог-модератор» біліктілік санатына ие ұстаз шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты міндеті санайды.
«Жас келсе – іске» деген нақылдың мәнін еңбегімен дәлелдеп жүрген Ботакөз Бекенованың кәсіби жетістіктері де аз емес. Ол 2025 жылы республикалық «Білікті ұстаз» олимпиадасында І орын, «TeachStart» олимпиадасында І орын иеленіп, аудандық «Алтын тұғыр» математикалық байқауында ІІ орынға қол жеткізді. Түрлі пәндік байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп, өзінің кәсіби біліктілігі мен ізденімпаздығын танытып келеді.
Ұстаздың озық тәжірибесі әріптестері арасында да жоғары бағалануда. 2026 жылы «Бастауыш білім беру мазмұнын оңтайлы модельдеу: күрделі оқу тақырыптарын меңгертудегі педагогикалық дизайн» тақырыбындағы облыстық вебинар-интенсивте іс-тәжірибесімен бөліскені үшін Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған облыстық педагогикалық олимпиадада І дәрежелі дипломға ие болды. Аудандық «Сабақты зерттеу: идеядан тәжірибеге» атты постер байқауында шығармашылық ізденісімен ерекшеленіп, Алғыс хатпен марапатталды. Ал, 2026 жылғы республикалық «Білікті ұстаз» пәндік олимпиадасында бастауыш сыныптар бағыты бойынша І орын иеленіп, өзінің кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ботакөз Бекенова үшін ұстаз еңбегінің ең үлкен жемісі – шәкірттерінің жетістігі. Ол оқушыларын білімге құштар, ойы ұшқыр, ізденімпаз әрі мақсатшыл болуға баулиды. Ұстаздың бағыт-бағдары мен қолдауының арқасында шәкірттері де түрлі білім додаларында биіктен көрініп жүр.
2025–2026 оқу жылында Астана қаласындағы «Дарынды бала» республикалық білім беру орталығы ұйымдастырған «Бастау» интеллектуалды-логикалық онлайн байқауында оқушылары І және ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Шәкірттерінің жетістігі мен олардың бойына білім мен тәрбиенің негізін қалаудағы еңбегі үшін ұстазға Алғыс хат табысталды. 2025 жылы оқушылары «Логика әлеміне саяхат» республикалық олимпиадасында І орын иеленіп, «Мың бала – 2025» математикалық олимпиадасында да үздік нәтиже көрсетті. Сондай-ақ «Ақбота» және «Кенгуру» интеллектуалдық олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болды. Ал, 2026 жылы шәкірттері «IQ-DODA», «Ақбота – 2026», «Смарт оқушы», «Кенгуру», «Мың бала», «Жүзден жүйрік» сынды республикалық пәндік олимпиадаларға және аудандық білім сайыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Бұл – ұстаздың шәкірт бойындағы зерттеушілік қабілетті танып, оны дамытуға бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесі.
Ботакөз Бекенова мектептегі жауапты қызметін отбасындағы аяулы міндетімен шебер ұштастырып жүрген жан. Ол бес баланың ардақты анасы. Ана жүрегінің мейірімі мен ұстаз жүрегінің жылуын қатар алып жүрген ол бала тәрбиесінің маңызын терең түсінеді.
Жас келсе – іске. Жастығына қарамастан, білім мен тәрбие жолында толағай табыстарға қол жеткізіп жүрген Ботакөз Бекенова секілді ұстаздар – ел болашағының берік іргетасын қалаушылар. Шәкірттерінің жетістігімен мерейі өсіп, еңбегінің жемісін көріп жүрген ұстазға шығармашылық табыс, отбасына амандық, шәкірттеріне биік белестер тілейміз!
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-