ТӘЖІРИБЕЛІ ҰСТАЗ
Зингин Қажымұқан Сағидоллаұлы – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, олардың бойында отансүйгіштік, тәртіп, жауапкершілік пен елге деген құрмет сезімін қалыптастыру жолында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз.
Зингин Қажымұқан Сағидоллаұлы 1974 жылғы 27 наурызда Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданы Бөгетсай ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Шіліксай орталау мектебінің 1-сыныбына қабылданып, кейін Бөгетсай мектебінде білімін жалғастырды. 1991 жылы мектепті тәмамдады. 1992 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарды. 1994 жылы елге оралған соң білімін жалғастырып, 1998 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының дене шынықтыру мамандығына оқуға түсіп, 2002 жылы оқуын аяқтады.
Еңбек жолын 1996 жылы Ащығара орталау мектебінде бастаған. 1998 жылдан бері Жарық мектеп-балабақшасында дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді.
Қажымұқан Зингиннің жетекшілігімен Жарық мектеп-балабақшасының оқушылары аудандық, облыстық және республикалық әскери-патриоттық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 2022 жылы «Мерген ару» және «Мерген сарбаз» жарыстарында мектеп командалары жалпы есеп бойынша I орын иеленді. 2024 жылы облыстық «Мерген сарбаз» жарысында команда 403 ұпай жинап, II орын алды. 2025 жылы облыстық «Мерген ару» сайысында Назым Меңдіғали I орынға, республикалық кезеңде III орынға ие болды. Ақтөбе командасы да республикалық жарыста III орын иеленді.
Бұл жетістіктер – ұстаздың кәсіби шеберлігі мен шәкірттерін жеңіске жетелеген табанды еңбегінің нәтижесі.
Қажымұқан Сағидоллаұлының кәсіби қызметі мен білім беру саласына қосқан үлесі бірқатар марапаттармен бағаланған. Ол Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің білім беру ұйымдарындағы әскери-патриоттық жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс хатпен марапатталған. Сондай-ақ Ақтөбе облысының білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасына ие болды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің білім беру саласындағы жетістіктері мен қосқан үлесі үшін алғыс хатын алды. Бұған қоса, мектептің бастапқы әскери даярлық кабинетінің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға арналған сертификат пен 200 мың теңге көлеміндегі сертификатқа ие болған.
Қажымұқан Сағидоллаұлының ұстаздық жолы – адал еңбек пен табандылықтың, кәсіби ізденіс пен жауапкершіліктің үлгісі. Ел болашағын тәрбиелеуге үлес қосып, шәкірттерінің жетістігі арқылы ұстаздық еңбегінің жемісін көрсетіп келе жатқан Ол өз ісіне адал, еңбегімен құрметке бөленген ардақты ұстаз.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фотографии
-